QazTrade Қазақстандағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесу өткізді
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Индонезия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін экспорттауды кеңейту, екі ел нарығында халал стандарттарын сертификаттау және өзара мойындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Индонезия Қазақстаннан ет және АӨК өнімдерін импорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біз ынтымақтастықты жандандырып, өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткіземіз деп үміттенеміз», — деді елші Мохамад Фаджрул Рахман.
Сондай-ақ тараптар қазақстандық өнімдерді индонезиялық нарыққа сертификаттау жұмыстарын жеделдетуге және Halal Expo мен Expo Indonesia көрмелеріне экспорттаушыларды дайындауға келісті.
«Біз Индонезия тарапынан қазақстандық экспортқа деген нақты қызығушылықты байқап отырмыз. Біздің міндетіміз — отандық компаниялардың осы мүмкіндікті пайдалануына көмектесу. QazTrade акселерация қатысушыларын индонезиялық көрмелерге дайындауды бастап кетті», — деді экспортты дамыту жөніндегі ұлттық оператор QazTrade компаниясының басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.
Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 32 жыл болды. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 400 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға артты. ЕАЭО мен Индонезия арасында еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылуы бұл көрсеткішті екі есе арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.