Қазақстан жеміс-жидек пен көкөніс экспортын кеңейтуге дайындалуда, бұл ретте халықаралық сапа стандарттарын енгізуде. Шымкент қаласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшыларының қатысуымен «Жеміс-жидек пен көкөністер бойынша ЭЫДҰ схемасы – экспортты ілгерілету құралы» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны ЭЫДҰ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, QazTrade, Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы және Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырды.
Семинар барысында қатысушылар Түркістан облысының Сайрам ауданындағы жылыжайларға барып, өсіру, сұрыптау, сапаны тексеру, пісу дәрежесін анықтау, сақтау, таңбалау және экспортқа өнім дайындау тәжірибелерімен алмасты.
Халықаралық сарапшылар көкөністерге арналған халықаралық стандарттар туралы айтып, 50 бизнес өкіліне сапаны бағалау әдістемелері мен инспекция үлгілерін көрсетті.
ЭЫДҰ сарапшылары сапа стандарттарын қауын мысалында талдады. QazTrade деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан бұл өнімнің 29,6 мың тоннасына немесе 7,3 млн АҚШ долларына тең көлемін экспорттады. Негізгі бағыттар – Ресей (60%) және Беларусь (32%). Бұл көрсеткіштер қазақстандық өнімнің баға мен сапа тұрғысынан бәсекеге қабілетті екенін, ал өндіріс көлемінің сыртқы нарықтар үшін жеткілікті деңгейде екенін көрсетеді. Дегенмен экспорт географиясы шектеулі болып қалуда және жекелеген нарықтарға тәуелділік жоғары.
«Егер Қазақстан жеміс-жидек пен көкөніс бойынша ЭЫДҰ схемасын енгізсе, бұл халықаралық нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Әңгіме көршілес елдермен ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтары туралы болып отыр. Бұл аймақтарда сатып алушылар өнім сапасы, орау және таңбалау стандарттарының ашық болуын күтеді. Әсіресе бұл елдің оңтүстігіндегі жылыжай шаруашылықтары үшін маңызды, себебі мұнда қызанақ және басқа да көкөніс өндірісінің басым бөлігі шоғырланған. Бұдан бөлек, өнімді шикізат ретінде емес, сапалы брендтелген тауар ретінде жоғары бағада сатуға мүмкіндік береді. Шын мәнінде ірі шаруашылықтар қазірдің өзінде көптеген талаптарды орындайды, енді бұл ресми түрде бекітіледі», – деді QazTrade басқарушы директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан тек экспорт көлемі мен құнын арттырумен шектелмей, сонымен қатар сатып алушылардың шектеулі шеңберіне тәуелділікті азайта алады, бұл үшін халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарын жүйелі түрде енгізу қажет.





