Қазақстан ұны АҚШ нарығына шықты - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан ұны АҚШ нарығына шықты

Қазақстан АҚШ нарығына азық-түлік экспортын кеңейтуде серпінді қадам жасады. Алғашқы партиялар Amazon платформасында сатыла бастады. Нью-Йорк қаласына Eurasian Legacy бренді үшін 50 тонна бидай ұны жеткізілді. Алғашқы жеткізуді қазақстандық кәсіпкер Самат Өмірзақов Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырды. Бұл АҚШ-та ұлттық тауарларды ілгерілетудің жаңа стратегиясы аясында жүзеге асқан алғашқы ірі экспорттық жоба болып табылады. Алдағы уақытта ҚР СИМ жанындағы экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор QazTrade қолдауымен ай сайынғы жеткізілім көлемін 100 тоннадан астам ұнға дейін арттыру жоспарлануда.

Өнім қазірдің өзінде Amazon және Walmart сияқты ең ірі онлайн-платформаларда орналастырылып, бірқатар америкалық наубайханаларда ұсынылуда. Amazon сайтында 1,36 кг қаптамасы $14,50 бағасымен сатылуда. Қаптамада «Product of Kazakhstan» деген белгі бар, бұл «Қазақстанда жасалған» брендінің америкалық тұтынушылар арасында танымалдығын арттырып, Қазақстанды сапалы әрі экологиялық таза өнім жеткізушісі ретінде танытады.

Онлайн-сатудан бөлек, ұнды мейрамханаларға, кофеханаларға және жергілікті тамақтану желілеріне жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, АҚШ-тың ең ірі бөлшек сауда желілері – Costco, Whole Foods және Trader Joe’s нарығына шығу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды QazTrade.

Америкалық нарыққа шығу Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы мен отандық кәсіпкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Айта кетейік, шілде айында QazTrade-тің АҚШ-та өкілдігі ашылды, ол да осы бағытты дамытуға белсенді атсалысатын болады.

«Біз тек ұнмен шектелмейміз. АҚШ-та қарақұмық, гранола, талқан, шоколад және какао таныстырылды, ал Нью-Йорк, Чикаго және Вашингтондағы серіктестер олардың сапасына жеке көз жеткізді. Келесі қадам ретінде осы қалаларға қазақстандық өндірушілердің бизнес-миссиясы жоспарлануда. Бұл серіктестермен байланыстарды нығайтып қана қоймай, табиғи әрі аутентті өнімдерді жоғары бағалайтын HoReCa сегментінде өз орнымызды алуға мүмкіндік береді», — деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Тұрақты келісімшарттар жасалған жағдайда, ай сайын 100 тоннадан астам ұнды тұрақты жеткізу жоспарлануда. Бұл Қазақстанға АҚШ-тың дәнді дақылдар өнімдері нарығында өз орнын иеленуге мүмкіндік береді, онда табиғи және сертификатталған өнімдерге сұраныс дәстүрлі түрде жоғары.