Астанада цифрлық сауда саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «QazTrade» АҚ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі және БҰҰ ЭСКАТО ұйымдастырды.
Талқылаудың негізгі тақырыбы – Қазақстанның қағазсыз сауда жөніндегі халықаралық келісімдерге қосылуы және экспорттық-импорттық операцияларды жеделдетуге, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін ашық цифрлық экожүйені қалыптастыру болды.

IT-компания TrustMe негізін қалаушы Чингиз Даулетбаев мемлекет пен бизнес арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті:

«Бізде тек көлік емес, сонымен қатар сенімді цифрлық хаб болуға барлық алғышарттар бар. Ол үшін қағазсыз сауда жөніндегі халықаралық келісімдерге қосылу, бірыңғай стандарттарды енгізу, сенімді платформаларға салық және кеден жүйелерімен тікелей интеграциялануға мүмкіндік беру маңызды. Біз бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ, отандық цифрлық шешімдердің шетелдік нарықтарға экспортын қолдауды сұраймыз».
RDTII енгізілгенге дейін Қазақстан ескі әрі қайталанатын заңнама, шетелдік e-commerce платформаларына юрисдикцияның болмауы сияқты жүйелі кедергілерге тап болды. Бұл тұтынушылар шағымдарының шамамен 90%-ын құрады.

Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нусуповтың айтуынша, БҰҰ ЭСКАТО-ның RDTII 2.0 бастамасына қатысу алғаш рет кешенді бағалауға және оның негізінде Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуге мүмкіндік берді.
«RDTII бізге 43 нақты шараның негізіне айналған қажетті талдауды берді. Бүгінде алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз: цифрлық компаниялар үштен бір өнімдірек жұмыс істейді, 2000-нан астам ШОБ оқытудан өтті, ал цифрлық сауда тізбегінде 300 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл цифрлық трансформацияның тек теория емес, бәсекеге қабілеттілікті және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың нақты құралы екенін дәлелдейді», – деп атап өтті ол.

«QazTrade» АҚ деректері бойынша, Қазақстандағы электрондық коммерция көлемі өткен жылы 60%-дан астам өсті. Көбірек шағын және орта бизнес онлайн-нарықтарға, соның ішінде шетелдікке шығып жатыр.
«RDTII 2.0 индексі бойынша біздің еліміз 0,553 көрсеткішін алды, ал өңірлік орташа мән – 0,424. Бұл бізге күшті жақтарымызды ғана емес, әрі қарай жұмыс істеу қажет бағыттарды да көруге көмектесті. Бүгінде e-commerce жалпы бөлшек сауда нарығының 14,5%-ын алып отыр, ал барлық мемлекеттік сатып алулар онлайн форматқа көшірілді. Ұлттық жоспар кедергілерді жоюға және трансшекаралық электрондық сауданың үлесін 10%-дан асыруға бағытталған. Мұның бәрі Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық орталық ретіндегі позициясын нығайтады. Теңізге шыға алмайтын Қазақстан үшін цифрлық трансформация – бұл жай ғана таңдау емес, қажеттілік. Біздің мақсатымыз – бизнесті қолдайтын және Қазақстанды өңірлік әрі жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялайтын ашық әрі тұрақты цифрлық сауда жүйесін құру», – деп атап өтті «QazTrade» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айнура Амирбекова.

Сарапшылар адами капиталға ерекше көңіл бөлді. Вице-министр Асет Нусупов атап өткендей, Қазақстанның 15 пен 45 жас аралығындағы 8,2 миллион жастары жоғары цифрлық сауаттылыққа және кәсіпкерлік әлеуетке ие. Бұл цифрлық сауданың тұрақты экожүйесін дамыту үшін берік негіз қалайды, ол бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен өңірлік байланыстың стратегиялық құралына айналуда.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның сауданы жедел цифрландыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытын растады. Алдағы уақытта заңнаманы үйлестіруге, қағазсыз шешімдерді енгізуге және ШОБ-ты жаһандық нарықтарға шығуда қолдауға басымдық берілетін болады.



