Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының Вьетнамға ресми сапары аясында Ханойда 21 тамызда «QazTrade» АҚ мен Вьетнамның «VietTrade» сауда-саттыққа жәрдемдесу агенттігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар шикізаттық емес тауарлардың өзара саудасын ұлғайтуға, оның ішінде Қазақстаннан Вьетнамға экспортты дамытуға уағдаласты.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі шамамен 600 млн долларды құрап, оң серпінді көрсетті.
Осы жылдың наурыз айында QazTrade қазақстандық тауар өндірушілер үшін Вьетнамда сауда-экономикалық миссиясын өткізді. Іскерлік келіссөздерге тамақ өнімдерін, органикалық тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларын өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ АТ қызметтерін жеткізушілер қатысты.