Астанада 2023 жылғы 27 маусымда Қазақстан-Иран бизнес-форумы басталды. Іскерлік іс-шара Иран Ислам Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Алиреза Пейманпактың біздің елге жұмыс сапарына орайластырылған.
Форумды Қазақстан тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «QazTrade» АҚ және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Иран тарапынан – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырды.
Іскерлік алаң Қазақстан мен Иранның 100-ден астам ірі және орта компанияларының өкілдерін біріктірді. Ауыл шаруашылығы тауарларын, тамақ өнеркәсібі өнімдерін, машина жасау тауарларын, туристік қызметтерді және инвестицияларды жеткізуге маманданған кәсіпкерлер B2B форматында екіжақты келіссөздер жүргізді.
Форумды ашқан ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда 19,8%-ға өсіп, 528 млн долларды құрағанын атап өтті.
«Елдеріміз арасындағы тауар айналымын ұлғайту – Қазақстанның сауда саясатының маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға 250 млн доллар сомасына 75-тен астам тауар түрін қосымша жеткізуге дайын», – деді Қайрат Төребаев.
Форумға қатысушылар Иранның іскер топтарына Қазақстанның сауда және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды, сондай-ақ ынтымақтастықтың артықшылықтары және Қазақстан мен Иранның сауда-экономикалық әріптестігін одан әрі ілгерілету перспективаларын талқылады.
Қазақстандық АӨК және тамақ өнеркәсібі өнімдері ирандық тұтынушы арасында барынша танымал. Бүгінгі таңда қазақстандық кәсіпорындар отандық өнімді Иран нарығына үнемі жеткізіп отырады. Иранға экспорттың негізгі тауарлары дәстүрлі түрде бидай, арпа, күнбағыс майы, зығыр тұқымы, алюминий және қара металдар болып табылады. Импорттық жеткізілімдер арасында мұнай өнімдері, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, Иран өндірісінің құрылыс материалдары басым.
ҚР сауда және интеграция вице-министрінің ақпараты бойынша, сыртқы экономикалық қызмет барысында қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік нарықтарға шығу қиындықтарына тап болады.
«Атап айтқанда, мал шаруашылығы өнімдерін Қазақстаннан Иранға әкелуге рұқсат беретін келісілген ветеринариялық сертификаттар жоқ. Осыған байланысты, Иран тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін Иран нарығына экспорттау мәселесін Иранға азық-түлік тауарларының 10 түрін әкелуге рұқсат беру құжаттарын келісу бөлігінде қолдауға, сондай-ақ Иранның «Халал» талаптарына сәйкес сертификаттау бойынша жәрдемдесуге үміттенеміз» – деді Иран делегациясының өкілдеріне Қайрат Төребаев.
Форум аясында Иран Ислам Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Алиреза Пейманпактың айтуынша, Астанаға сапардың негізгі мақсаты – қазақстандық және ирандық бизнес арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату.
«Біздің делегация құрамында ірі азық-түлік брендтері мен өндірушілері бар. Кәсіпкерлер қазақстандық әріптестерімен жемісті келіссөздер жүргізуге, ынтымақтастық салаларын егжей-тегжейлі талқылауға және өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту мақсатына жету үшін келісімдерге қол қою туралы уағдаласуға бағытталған»,-деді Иран делегациясының басшысы Алиреза Пейманпак.
Өз кезегінде, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Қазақстан Орталық Азия өңірінде көлік-транзиттік әлеуетті дамыту үшін зор күш-жігер жұмсайтынын атап өтті. Қазақстан мен Иран арасында Амирабад порты арқылы жүк және контейнерлік тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жыл соңына дейін Тараптар маршруттағы қуаттылықты 250 мың тоннаға дейін арттыруды, ал 2025 жылдың соңына қарай тасымалдау көлемін жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Бизнес-форум аясында ирандық іскер топтарға Қазақстанның сауда және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев елімізде бизнес жүргізу үшін жағдайдың тартымдылығы туралы айтып берді. Мұны ирандық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылған жобалар растайды. Мәселен, Қазақстанда ет комбинаты мен майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты салынды, басқа да ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Бүгінде Қазақстанда Иран капиталының қатысуымен 500-ден астам компания тіркелген, бұл негізінен шағын бизнес өкілдері. Кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, көлік және қойма секторларында жұмыс істейді, сонымен қатар қонақ үй қызметтерін ұсынады.