Қазақстан Хунань провинциясындағы экспорттық қатысуын күшейтуде - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Хунань провинциясындағы экспорттық қатысуын күшейтуде

Хунань провинциясында QazTrade және Консалтингтік компаниялар қауымдастығының өкілдігі ашылды. Бұл оқиға екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа қадамы болды. Ашылу рәсіміне Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік құрылымдары мен бизнес өкілдері қатысты. Олардың қатарында QazTrade бас директорының орынбасары Бауыржан Ғайса, Қауымдастық президенті Аян Еренов, Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Чингисхан Маманов және Хунань провинциясының өкілі Дэн Вэйпин болды.

Хунань — Қытайдың ең ірі индустриялық және логистикалық орталықтарының бірі, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды өңірі. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен провинция арасындағы тауар айналымы 383,3 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстан бұл өңірге 15-тен астам өнім түрін экспорттайды — зығыр тұқымдары мен өсімдік майларынан бастап түсті металдар мен қайта өңделген өнімдерге дейін.

«Қазіргі таңда біз агроөнеркәсіп, логистика және IT салаларында зор әлеует көріп отырмыз. Қытайлық серіктестер де өңделген және экологиялық таза қазақстандық өнімдерге барған сайын көбірек қызығушылық танытуда. Бұл жоғары қосылған құны бар тауарларды экспорттауға жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Бауыржан Ғайса.

Аян Ереновтың айтуынша, QazTrade пен Консалтингтік компаниялар қауымдастығының ынтымақтастығы Хунань нарығына шығуда және Қытай инвестицияларын Қазақстанға тартуда екі тараптың ресурстары мен сараптамасын біріктіреді.

Чанша қаласында қазақстандық өнімдердің бірлескен шоурумын ашу жоспарланып отыр. Онда органикалық азық-түліктен бастап металлургия және IT өнімдеріне дейінгі тауарлар ұсынылады.

«Шоурум Қазақстанның жарқын витринасына айналып, біздің тауарларды Қытайда ілгерілетуге тиімді құрал болады», — деп қосты QazTrade бас директорының орынбасары Бауыржан Ғайса.

QazTrade — ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы сыртқы сауданы дамыту жөніндегі ұлттық оператор. Ұйым бизнеске шетел нарықтарына шығуға көмектеседі, кедергілерді жояды және экспорттық мәмілелерді сүйемелдейді. Қытай және Хунань провинциясы экспорттық акселерация бағдарламасының басым бағыттарына кіреді.