Қазақстан экспорт үшін географиялық көрсеткіштер жүйесін дамытып жатыр - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан экспорт үшін географиялық көрсеткіштер жүйесін дамытып жатыр

QazTrade алаңында географиялық көрсеткіштерді (ГК) ілгерілету жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Ол Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығымен бірлесіп құрылды.

Жұмыс тобы ұлттық брендтерді қорғау және ілгерілету мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіреді. Бастаманың мақсаты – географиялық көрсеткіштер жүйесін енгізу және танымал ету арқылы өңделген тауарлар экспортын дамыту.

«Географиялық көрсеткіштер
жай ғана құқықтық құрал емес. Бұл аймақтық өнімнің бірегейлігін айқындау, оған беделдік құндылық беру және оның экспорттық әлеуетін арттыру тәсілі», – деп атап өтті QazTrade басқарушы директоры Еркежан Амирханова.

Бастама кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұған дейін QazTrade Орталық Азияда географиялық көрсеткіштерді дамытуға бағытталған CANDY–V халықаралық жобасына белсенді қатысқан болатын. Дәл осы жоба аясында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу және тіркеуге арналған басым қазақстандық өнімдерді анықтау жұмыстары басталды. Сол өнімдердің бірі – Алматының символы саналатын апорт болды.

Жұмыс тобы географиялық көрсеткіштер арқылы ілгерілетуге әлеуетті экспорттық тауарлардың тізімін айқындаумен, өндірушілерге арналған ақпараттық сессиялар, дөңгелек үстелдер мен консультациялар ұйымдастырумен және заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда аймақтық және ұлттық өнімдер бойынша географиялық көрсеткіштер саласында айтарлықтай әлеует бар.

Сонымен қатар, бірқатар мәселелер қосымша зерттеуді қажет етеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, географиялық көрсеткіш – бұл белгілі бір географиялық аумақтан шығатын және шыққан жерімен байланысты ерекше қасиеттерге ие өнімді айқындайтын белгі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, тіркеу кезінде көбіне өнімнің беделі мен ішкі және сыртқы бақылау мәселелері назардан тыс қалады.


«Ішкі бақылау өнім сапасын сақтауға және беделдік тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді, ал сыртқы бақылау
нарықты жалған өнімнен қорғауға көмектеседі. Бұл тұтынушылар сенімінің және біздің брендтердің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі», – деп атап өтті Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының төрайымы Айжан Наурызғалиева.

Жұмыс тобының құрылуы Қазақстанда географиялық көрсеткіштер институтын жүйелі дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Бұл жұмыс отандық өнімнің имиджін нығайтып қана қоймай, оның сыртқы нарықтардағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.