13 қыркүйек күні Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік шеңберінде Қазақстан Республикасының Сауда саясатына алғашқы шолу жүргізудің басталуына арналған пленарлық сессия өтті.
Отырысты ашқан ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Қазақстанның 2015 жылы ДСҰ-ға кіргенін және өзіне белгілі бір міндеттемелерді, оның ішінде транспаренттілік бойынша міндеттемелерді қабылдағанын еске салды. ҚР сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп осы бағыт бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді.
«Біз Қазақстан қабылдаған барлық міндеттемелерді орындауға тырысамыз. Жыл сайын Сауда және интеграция министрлігі қажетті нотификацияларды жібереді, ДСҰ-ның әртүрлі комитеттерінің жұмысына қатысады. 2022 жылы Қазақстан ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының тең төрағасы болды. Бүгін біз сауда саясатына шолу жасау тетігін ұсыну үшін мемлекеттік органдардың барлық өкілдерін жинадық. Қорытынды құжат біздің сауда-экономикалық саясатымыздың көрінісін толық көрсетуі тиіс», – деді Жанель Кушукова.
ДСҰ Хатшылығының өкілдері презентация өткізіп, сауда саясатына шолу жүргізу ережелері туралы айтып берді. Мұндай есептерді ұйымның барлық мүшелері әртүрлі кезеңділікпен дайындайды.
Қазақстанның сауда саясатын шолуға дайындық жөніндегі бірінші миссияның жұмысы 15 қыркүйекке дейін үш күнге созылады. Бұл күндері ДСҰ Хатшылығы өкілдерінің сауда-экономикалық саясатты қалыптастыратын Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарымен кездесулері өтеді.