Қазақстан Беларусьпен ынтымақтастықты күшейтуде: Минскіде жаңа келісімдерге қол қойылды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Беларусьпен ынтымақтастықты күшейтуде: Минскіде жаңа келісімдерге қол қойылды

Минскіде сауда-экономикалық миссия аясында Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған құжаттарға қол қойылды. Рәсімге Беларуське жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция министрі мен QazTrade Бас директоры қатысты.

QazTrade пен Беларусь әмбебап тауар биржасы арасындағы келісім тәжірибе алмасуды, қазақстандық компаниялардың биржалық сауда-саттыққа қатысуын, электрондық платформаларды дамытуды және бірлескен іс-шараларды өткізуді көздейді. Беларусь әмбебап тауар биржасы – өңірдегі ең ірі спот-алаң, мұнда жыл сайын 4 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 500 мыңнан астам мәміле жасалып, 80 елдің компаниялары жұмыс істейді.

QazTrade пен Беларусьтің Ұлттық маркетинг орталығы арасындағы меморандум аналитикалық материалдармен алмасуды, серіктестерді бірлесіп іздеуді, тауарларды ілгерілетуге қолдау көрсетуді, сондай-ақ бизнес-миссиялар мен семинарлар ұйымдастыруды қарастырады. Құжат екі ел компанияларының жұмысын одан әрі байланыстырып, өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуын жеңілдетеді.

Бұл құжаттар QazTrade-пен бірлесіп ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырған Минскідегі сауда-экономикалық миссияның негізгі нәтижесіне айналды.

QazTrade Бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров жаңа келісімдер өзара сауданы ұлғайту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:

«Қазақстан мен Беларусь кооперацияда зор әлеуетке ие. Біз үшін жеткізілімдерді кеңейту, жаңа тауашаларды ашу және бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту маңызды».

Статистика осы қызығушылықты растайды. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында тауар айналымы 19,9%-ға өсіп, 739,5 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстанның Беларуське экспорты 55,2%-ға артып, 183,2 млн долларға дейін көбейді, әсіресе жиһаз, косметика, шашқа арналған құралдар, кальций фосфаттары және жылжымалы құрам есебінен. Беларусьтен импорт 556,3 млн долларды құрайды, негізгі тауарлар – ірімшік, сүт өнімдері, тракторлар, ет өнімдері, мұнай өнімдері және құрылыс материалдары.

Келіссөздердің жеке блогы өнеркәсіптік кооперацияға арналды. Бүгінде тракторлар мен ауылшаруашылық техникасынан бастап лифтілер мен автокөлік техникасына дейінгі 11 бірлескен жоба іске асырылды, жаңа бағыттар – карьер самосвалдарын жинақтау, құрылыс саласындағы кооперацияны кеңейту, сондай-ақ тауарлы-сүт фермаларын құруды қоса алғанда, АӨК жобалары талқыланды.

Минскідегі сауда-экономикалық миссия аясында екі ел бизнесі арасында жаңа келісімдерге қол қойылды. «АстанаИнжКомСтрой» ЖШС «Изоком Пласт» ЖШҚ-мен тауар жеткізу және Қазақстанда арматураланған құбырларды бірлесіп өндіруді іске қосу туралы меморандумға қол қойды. ARBA WINE ЖШС Беларусьтің «Бульбашь» зауытымен қазақстандық шарапты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп, экспорттық шартқа дайындық үстінде. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығы «ПраймФортГрупп» ЖШҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ қауымдастық мүшелерінің өнімдерін 5 млн АҚШ долларына сатып алу жөніндегі «Дары полей плюс» ЖШҚ-мен сауда келісімін жасасты.

Минскідегі миссия экономикалық диалогты нығайтып, тараптардың бизнестің қатысуын кеңейтуге, логистикалық өзара байланыстылықты арттыруға және жаңа кооперациялық жобаларды іске қосуға дайын екендігін растады.