Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков, «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербай Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) басшылығымен Тайба Әл Хашемимен кездесті. Кездесуге қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.
Қазақстандық қызметтерді халықаралық алаңдарға жылжыту мақсатында тараптар БАӘ нарығына отандық компаниялардың шығу және біліктілік мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар бұл үдерісте экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға жәрдем көрсететініне келісті.
Екі елдің өкілдері БАӘ-де жыл сайын өткізілетін ірі халықаралық мұнай-газ көрмесі мен ADIPEC конференциясына қазақстандық мұнай сервистік компаниялардың қатысуына ерекше назар аударды.
Соңғы жылы Қазақстанда қызмет көрсету экспортының көлемі 20% -ға өсті және одан әрі ұлғаюға барлық алғышарттары бар. Ел экономикасының тарихи қалыптасқан мұнай бағытын ескере отырып, мұнай сервисі саласы айтарлықтай әлеуетке ие. Сыртқы нарықтарға шығу үшін инжинирингтік қызметтер көрсетуге маманданған, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын, күрделі жөндеуді, сараптама мен зертханалық зерттеулерді орындайтын отандық кәсіпорындардың үлкен мүмкіндіктері бар.
Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) – Абу-Даби ұлттық мұнай компаниясы БАӘ-де жетекші мұнай және газ өндіруші болып табылады.