Астанада өткен кездесуде Қазақстан мен Ресей өңірлері ынтымақтастығының перспективалық бағыттарын Qaztrad өкілдері, Ресей Федерациясының Орынбор облысынан келген отандық кәсіпкерлер мен іскерлік делегация талқылады.
«Qaztrade» АҚ-ы Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 340 млн долларды құрады.
«Сандар біздің өңірлер арасында сауданы кеңейту үшін зор әлеует бар екенін көрсетеді. Қазақстанның батыс облыстарының кәсіпкерлері Орынбор бизнесімен тығыз қарым-қатынаста. Бұл Ресейдің экономикалық белсенді аймағы», – деді ол.
Нұрлан Құлбатыров серіктестерге Қазақстанда қолданылатын шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Экспорттық акселерация бағдарламасы шеңберінде QazTrade отандық шағын және орта кәсіпорындарды экспорттық идея пайда болған сәттен бастап келісімшарт жасасқанға дейін сүйемелдеумен айналысады. Шетелдік сауда миссиялары мен келіссөздерді ұйымдастырады, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің халықаралық көрмелерге қатысуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда отандық бизнес үшін басым нарықтардың қатарына Ресей, Өзбекстан, Қытай және Таяу Шығыс кіреді.
Өз кезегінде Орынбор облысының вице-губернаторы – Үкімет төрағасының Экономикалық және инвестициялық саясат жөніндегі орынбасары-Орынбор облысының Экономикалық даму, инвестициялар, туризм және сыртқы байланыстар министрі Игнат Петухов Орынбор кәсіпкерлерінің іскерлік ынтымақтастықты жалғастыруға және жаңа бизнес-байланыстар орнатуға қызығушылығын растады.
«Орынбор мен Орынбор облысы қазақстандық бизнеспен тығыз интеграцияланған. Жақын жерде екі ірі қала бар – Орал және Ақтөбе. Қазақстанның бизнесі Орынбор облысы арқылы экспортқа бағдарланған, Ресей бизнесі де біздің негізгі серіктестерімізбен өзара іс-қимылға, саудаға бағдарланған. Бүгін біз мемлекеттік органдардың өкілдерімен, кәсіпкерлермен танысып, қарым – қатынасымызды дамыту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қазақстандық бизнес үшін қандай тауашалар мен бағыттар қызықты екенін білгіміз келеді», – деді Игнат Петухов.
Тараптар өзара іс-қимыл үшін ең перспективалы салалар мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, минералды шикізатты қайта өңдеу болып табылатындығымен келісті. Медициналық туризм саласындағы бірлескен байланыстарды дамыту, сондай-ақ Орынборда Қазақстан үшін жұмысшы мамандарын даярлау бойынша білім беру жобаларын іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар.
Кездесу соңында қатысушылар Өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қоюға дайын екендіктерін білдірді.