Пленарлық сессияға Түрікменстан, АҚШ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Қазақстан және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Спикерлер бірыңғай стандарттар мен сәйкестікті бағалау тетіктерінің ашықтығы мемлекеттер арасындағы сенім, орнықты өсу және сауданы жеңілдетудің негізі екенін атап өтті.
Ерекше назар аударылған мәселелер:
- сертификаттау нәтижелерін өзара мойындау,
- техникалық кедергілерді жою,
- процедураларды цифрландыру,
- стандарттарды халықаралық нормаларға жақындату.
«Сапа инфрақұрылымы өңірлік интеграцияның тірегіне айналуы тиіс. Біз тек сауданы арттырғымыз келмейді – біз оны жеңіл, қауіпсіз және тиімді еткіміз келеді», — деді QazTrade бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.
Ол стандарттарды үйлестіру мен рәсімдерді цифрландыру қосылған құн тізбегінің жаңа буындарын құрып, өңір елдері арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтетінін атап өтті.
Конференция стандарттау және сапа мәселелерін талқылайтын алаң ғана емес, сондай-ақ бизнес пен халықаралық ұйымдар өкілдері арасында B2B кездесулер өтетін орынға айналды. Бұл кездесулер жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.