JD.com платформасындағы қазақстандық тауарлар рекордтық уақытта сатылды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

JD.com платформасындағы қазақстандық тауарлар рекордтық уақытта сатылды

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің Қытайдың ірі JD.com маркетплейсі арқылы отандық өнімді ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігері оң нәтижесін берді. Қазақстанның Ұлттық павильоны платформасында ұсынылған тауарлардың бірінші партиясы рекордтық уақыт ішінде сатылып кетті.

Сиань қаласында павильонның ресми ашылу рәсімі 2023 жылғы 18 мамырда Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен өтті.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың ақпараты бойынша, JD.com халықаралық сауда алаңы арқылы экспортты ұлғайту туралы шешімі 2022 жылдың соңында қабылданды. Келіссөздер барысында қытайлық Хingxing компаниясы сауда платформасында Қазақстанның ұлттық павильонының инвесторы болып белгіленді және Қытайдағы отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланыстырушы буын рөлін қабылдады.

«Сәуір айында Xingxing өкілдері қазақстандық өндірушілермен кездесіп, маркетплейсте орналастыруға дайын компаниялар мен өнімдердің тізбесін анықтады. Қытайлық сатып алушы үшін пилоттық партия ретінде шай, сусындар, шоколад, шоколад пастасы, драже, карамель кәмпиттері, халва, өсімдік және мақсары майы, ұн және құрғақ сүт сияқты тауарлық позициялар таңдалды. Мамыр айында азық-түліктің сынақ партиясы жөнелтілді»,-деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

«Ұлттық павильон JD.com электронды алаңында іске қосылған алғашқы сағатта қытайлық сатып алушылардан 10 мыңнан астам тапсырыс түсті. Бұл ретте қолда бар тауарлардың 80%-ы рекордтық уақытта сатылды. Қазір маркетплейсте барлық 25 тауар позициясы сатылып кетті. Қазақстанның ұлттық павильонының парақшасына 106 мыңнан астам қолданушы қол қойды», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Әлеуетті сатып алушылардан қазақстандық өндірістегі ұн, шай, құрғақ түйе және бие сүтіне алдын ала тапсырыстардың түсуі жалғасуда.

«Экспорттаушыларға JD.com платформасымен ынтымақтастықты ашатын жаңа мүмкіндіктерді пайдалануды және Qaztrade-де қазақстандық тауарларды орналастыру мәселелері бойынша кеңес алуға жүгінуді ұсынамыз», – деді бизнес өкілдеріне Қайрат Төребаев.

Отандық компаниялардың қытайлық сатып алушылармен ынтымақтастықты жолға қоюына экспортты мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай операторы «QazTrade» АҚ-ы көмектеседі.

Анықтама:

Қытайлық Xingxing компаниясының әлемнің жетекші компанияларының өнімдерін Қытай нарығына жылжытуда, маркетингте және сатуда үлкен тәжірибесі бар. JD.com электрондық сауда алаңында 400 миллионнан астам қолданушы тіркелген.

 

Пікір қалдыру