2022 жылғы 22-23 қараша аралығында Астанада БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) қолдауымен Халықаралық сауда орталығы (ХСО) мен «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырған «Электрондық сауда саласындағы бірлескен бастамалар бойынша ДСҰ келіссөздері (JSI) және Қазақстан үшін құқықтық реформаның маңызы» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының электрондық саудасы үшін жаңа бірыңғай нормативтік базаны әзірлеу жөніндегі техникалық көмектің бір бөлігі болып табылады.
Ready4Trade Central Asia жобасы 2020 жылы басталды, ол Орталық Азияның бес елінде өңірішілік және халықаралық сауданы дамытуды қолдауға бағытталған. Қазақстан осы жобаның 5 бенефициарының бірі болып табылады. Қазақстандағы жобаның институционалдық серіктесі – «QazTrade» АҚ.
Электрондық коммерция бағыты бойынша жұмыс аясында ЮНКТАД сарапшылары 3 есеп дайындады. Бірінші есепте электрондық коммерция бойынша көпжақты келіссөздердің бөлігі болып табылатын ДСҰ-ның Жиынтық келіссөздер мәтінімен үйлесімділігі тұрғысынан ҚР-ның электрондық сауда саласындағы қолданыстағы заңнамасына талдау ұсынылған.
«Электрондық коммерцияға халықаралық, өңірлік және ұлттық көзқарастар» екінші есебінде электрондық коммерцияға қатысты Бірлескен мәлімдеме бастамасының (JSI) келіссөздер мәтінінде қозғалған мәселелерге халықаралық, өңірлік және ұлттық көзқарастар анықталды. Қазақстан Республикасының электрондық сауда саласындағы заңнамасын реформалау жөніндегі үшінші есепте ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсынымдар ұсынылды.
Семинарда үшінші есептің техникалық компоненттері қарастырылды, онда қатысушылар электрондық транзакцияларды жеңілдету, сенім және электрондық сауда, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігі, деректерді оқшаулау, телекоммуникация және т.б. сияқты талқылау тақырыптарымен толығырақ танысуға мүмкіндік алды. Халықаралық сарапшылармен бірлесіп Қазақстан үшін аса өзекті проблемалық мәселелер талқыланды.
БҰҰ ЮНКТАД Бағдарлама менеджері, Тамара Ромеро ханым семинар барысында ғы диалогтың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. ЮНКТАД дайындаған есептер Қазақстанның JSI келіссөздер процесіндегі ұстанымын нығайтуға арналған және үкімет үшін оның келіссөздер стратегиясына қатысты негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін құнды құрал ретінде қызмет етеді. Екі күндік семинарға мемлекеттік және жеке агенттік өкілдерінің белсенді қатысуы олардың құқықтық реформа арқылы электрондық коммерция мәселелерін шешудің ең жақсы әдісін табуға қызығушылығын көрсетті. ЮНКТАД одан әрі нәтижелі бірлескен жұмысқа үміттенеді.
Профессор Ян Уолденнің айтуынша, воркшоп жергілікті мәселелер, үздік халықаралық тәжірибелер туралы білуге және Қазақстан үшін ең үздік даму жолдары туралы пікір алмасуға тамаша мүмкіндік берді.
Семинарға жобаны тиімді іске асыру үшін құрылған Жұмыс тобының мүшелері болып табылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты. Жұмыс тобы есептер бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын берді.
Семинар модераторы, «QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова – «Қазақстан көпжақты сауда жүйесінің белсенді қатысушысы ретінде ДСҰ аясындағы прогрессивті реформаларды әрдайым қолдайды. 2017 жылғы ақпанда ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі Келісімі күшіне енген сәттен бастап, біздің еліміз құжаттың негізін, оны имплементациялаудың құқықтық және техникалық аспектілерін елеулі түрде қайта өңдеп, оны іске асыру бөлігінде үлкен жұмыс жасады» – деп атап өтті. Айнұр Әмірбекова электрондық сауданы оңайлату саласындағы әлемдік трендтерді ұстануды ғана емес, сонымен қатар қазақстандық нарықтың ерекше қажеттіліктеріне жауап беретін одан әрі ынтымақтастық туралы тілегін білдірді.