Көбірек онлайн — азырақ кедергі: Қазақстан ЭСКАТО форумында тәжірибесімен бөлісті - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Көбірек онлайн — азырақ кедергі: Қазақстан ЭСКАТО форумында тәжірибесімен бөлісті

Тайландта өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Сауда, инвестициялар және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің (CTIEBII-2025) екінші сессиясында Қазақстан цифрлық сауда саласындағы жетістіктері мен жоспарларын таныстырды. Қазақстан делегациясы елдің саудаға деген көзқарасты қалай өзгертіп, бизнестің онлайн-сервистер арқылы жылдам әрі ыңғайлы жұмыс істеуіне қалай көмектесіп жатқанын айтты.

Цифрлық реформалар өз нәтижесін беріп жатыр. Экономикада IT, логистика, маркетинг және кәсіпкерлік салаларында 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 000-нан астам шағын және орта бизнес өкілдері оқудан өтті. Цифрлық компаниялардың өнімділігі дәстүрлі бизнестен 33% жоғары, ал бөлшек сауда саласында салықтардың 60%-ға жуығы онлайн сектордан түседі. Бұл – ашықтықтың артқанын және бизнестің заңды жолға түскенін көрсетеді.

QazTrade компаниясының басқарушы директоры Айнұр Амирбекованың айтуынша, Қазақстан қағазсыз сауда жөніндегі халықаралық келісімге қосылуға дайындалып жатыр. Бұл бизнеске құжаттарды жедел рәсімдеуге мүмкіндік береді, барлығы дерлік электронды түрде жүзеге асады.

«Цифрлық сауда барлығына – ірі экспорттаушыларға да, ауылдағы фермерлерге де – қолжетімді әрі қарапайым болуы керек. Сондықтан біз дата-орталықтар салып, цифрлық инфрақұрылымды дамытып, халықты жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретіп жатырмыз», – деді Амирбекова.

Сондай-ақ ол Қазақстанға цифрлық интеграция индексі (RDTII) арқылы әлсіз тұстарды анықтап, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге мүмкіндік туғанын атап өтті. Қазақстанның бұл жүйелі тәсілін ERIA және ESCAP өкілдері оң бағалады. Ел тәжірибесіне Грузия, Әзербайжан, Моңғолия, Камбоджа және Тайланд делегациялары қызығушылық танытты.