Бизнеспен диалог: QazTrade алаңында Иран Елшісімен Қазақстан мен Иран арасындағы сауда перспективалары талқыланды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Бизнеспен диалог: QazTrade алаңында Иран Елшісімен Қазақстан мен Иран арасындағы сауда перспективалары талқыланды

2026 жылғы 13 сәуірде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ кеңсесінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукардың қатысуымен, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдерінің басын қосқан кездесу өтті. Іс-шара офлайн және онлайн қатысушыларды біріктірген аралас форматта ұйымдастырылды.

Кездесу дипломатиялық корпус, QazTrade және Иранмен сауда байланыстарын дамытуға мүдделі отандық компаниялар арасындағы мазмұнды диалог алаңына айналды. Іс-шара барысында иран нарығына шығу кезінде бизнес үшін туындайтын практикалық мәселелерге, оның ішінде логистикаға, экспорттық жеткізілімдерге, ирандық серіктестермен өзара іс-қимыл ерекшеліктеріне, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылды.

Талқылау барысында қазақстандық компаниялар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді тікелей көтеріп, екіжақты сауда шеңберіндегі кедергілер мен мүмкіндіктерді талқылауға мүмкіндік алды. Мұндай формат Қазақстан өнімдерінің Иран нарығындағы қатысуын кеңейтуге бағытталған практикалық шешімдерді іздеуге негізделген сындарлы әрі мазмұнды пікір алмасуға жол ашты.

Іс-шараға агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, медициналық жабдықтар өндіру, химия саласы, сондай-ақ бейінді салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.

Осындай іс-шараларды өткізу Қазақстан мен Иран арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, отандық бизнестің сыртқы нарықтардағы мүмкіндіктер мен жұмыс шарттары туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ шетелдік серіктестермен практикалық өзара іс-қимылды дамытуға маңызды ықпал етеді.

QazTrade бизнес үшін тиімді коммуникациялық алаңдар құру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету және Қазақстан Республикасының халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.