Астанада Наурыз мейрамына орай Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы отандық өндірушілердің жәрмеңкесі өтіп жатыр - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Астанада Наурыз мейрамына орай Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы отандық өндірушілердің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада Наурыз мейрамына орай Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушы отандық өндірушілердің жәрмеңкесі өтіп жатыр

​Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Астана қаласы әкімдігінің және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) EXPO аумағында отандық өндірушілердің жәрмеңкесі өтуде.

​Іс-шараға еліміздің түрлі өңірлерінен 40-тан астам киім өндірушілері мен дизайнерлер қатысуда. Олардың арасында Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарының, Астана қаласының және Қазақстанның басқа да аймақтарының өкілдері бар.
​Жәрмеңкеде отандық өндірістің алуан түрлі өнімдері ұсынылған: ет және сүт өнімдері, ірімшіктер, қымыз, талқан, тары, бал өнімдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуден өткен басқа да тауарлар.

​Жәрмеңкеге қатысушылардың арасында танымал қазақстандық брендтер өз өнімдерін ұсынды:
​Dala Dami KZ — талқаннан жасалған ұлттық бұйымдар;
​Qazaq Apple — шоколадтағы алмалар;
​Беккер — ет өнімдері;
​Моя Ферма — құрт, май және айран түрлері;
​Bizhan — ет өнімдері;
​Даулет — кондитерлік өнімдер.

​Келушілердің ерекше назарын еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген қымыз, сондай-ақ талқан мен тарыдан жасалған ұлттық өнімдер — ұсақталған дәннен дайындалатын дәстүрлі қазақ тағамдары аударды. Бұл өнімдерді көрсету және дәм тату шарасы елорда тұрғындары мен қонақтарының зор қызығушылығын тудырып, Қазақстанның мәдени және гастрономиялық дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
​«Қазіргі әлемде функционалды тағамдар мен суперфудтарға сұраныс артып келеді, ал қазақтың дәстүрлі рационы бұл қажеттілікті толық өтейді. Құрт – пайдалы микроэлементтердің көзі, ал тары мен талқан бүгінде сауда миссиялары мен халықаралық көрмелер кезінде шетелдік тұтынушылар арасында танымал бола бастады. Дәстүрлі дала тағамдары шетелдегі қазақ мейрамханалары мен кофеханалар желісі арқылы жақсы сатылып, сұранысқа ие. Мысалы, тары қосылған танымал капучино, өзіндік «тартылған дала кофесі» АҚШ-та пайда бола бастады. Бұл қарапайым, қолжетімді әрі функционалды өнім», — деп атап өтті «QazTrade» АҚ басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.

​Жәрмеңкенің ресми ашылуын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өткізді. Жәрмеңке үш күн бойы жалғасады және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналды.

​Қатысушылар арасында мұндай ауқымды іс-шараға алғаш рет қатысып отырған Qazaq Apple бренді бар. Компания «QazTrade» АҚ-ның экспорттық құралдары аясында қолдау алуда және келушілердің үлкен қызығушылығын тудырған ерекше өнім — шоколадтағы алмаларды ұсынды.

​Сондай-ақ Майлы дақылдар қауымдастығының өнімдері де жоғары сұранысқа ие болды. Қолжетімді баға саясатының арқасында ассортименттің басым бөлігі жәрмеңкенің алғашқы күндерінде-ақ сатылып кетті. Қауымдастық мүшелері де «QazTrade» АҚ-ның экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған акселерация бағдарламасы аясында қолдау көруде.
​«QazTrade» АҚ басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова атап өткендей, мұндай көрмелер қазақстандық брендтерді ілгерілетуге және халық арасында отандық өнімнің танымалдылығын арттыруға ықпал етеді. Наурыз мейрамына арналған жәрмеңке мерекелік атмосфераны толықтырып қана қоймай, бизнесті қолдау мен дәстүрлі қазақ асханасы мен функционалды тағам өнімдерін насихаттаудың тиімді алаңына айналды