Ақмола облысының кәсіпкерлері экспортты мемлекеттік қолдау құралдарымен танысты - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Ақмола облысының кәсіпкерлері экспортты мемлекеттік қолдау құралдарымен танысты

Ақмола облысының кәсіпкерлеріне 19 наурызда QazTrade сарапшылары KazakhExport, QazIndustry, Qazpatent-пен бірлесіп өткізген онлайн-семинарда шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

«QazTrade» АҚ Жобаларды дамыту департаменті директорының орынбасары Нұрсұлтан Сейталиев семинарды ашып, бизнес өкілдеріне шетелдік нарықтарға шығу жөніндегі бағдарламаларға қатысуды ұсынды. Бұл экспорттық акселерация, электрондық сауда алаңдарына шығару, сауда-экономикалық миссияларға, халықаралық көрмелерге қатысу, өнімді тасымалдау және ілгерілету шығындарының бір бөлігін өтеу.

Мысалы, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы қазақстандық шикізаттық емес компанияларға шетелдік нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. 2023 жылы 111 тамақ, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторы кәсіпорындары осы бағдарламаға қатыса алды. 2024 жылғы 1 наурыздан бастап экспорттық акселерация бағдарламасына өтінімдерді қабылдау және Alibaba электрондық сауда алаңына шығару басталды, ол 31 наурызға дейін жалғасады.

«QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің бас сарапшысы Саят Әшімов семинарға қатысушыларды QazTradeAcademy экспорттаушыларды оқыту жөніндегі қолданыстағы білім беру орталығы туралы хабардар етті. QazTradeAcademy экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлер арасында, қолөнершілерден бастап ірі бизнес иелеріне дейін, теориялық мамандардан бастап кедендік брокерлерге дейін өте танымал.

Білім беру орталығының жұмыс істегелі бері барлығы 3004 қазақстандық ШОБ өкілдері мен сыртқы сауда саласындағы мамандар сертификатталды, олардың 1692-і әйелдер (56%). Бұл ретте Қазақстанның 17 қаласында 29 офлайн-семинар өткізілді. qaztradeacademy.kz онлайн платформасында «Ақылды экспорт» бизнес-практикумы аясында 49 вебинар, сондай-ақ 9 мамандандырылған модульдік курс жүктелді.

Семинар соңында Саят Әшімов семинарға қатысушыларды QazTradeAcademy платформасы шеңберінде ұйымдастырылған 19-21 наурыз аралығындағы 4 күндік онлайн-марафонға қатысуға шақырды, оның нәтижелері бойынша экспорттаушылар халықаралық сауда және экспорт бойынша курстардан сәтті өткені туралы халықаралық үлгідегі сертификаттар алады. Бұған дейін осындай білім марафондары Астана (27 ақпан – 1 наурыз), Алматы (5-7 наурыз) және Шымкент (12-15 наурыз) қалаларының кәсіпкерлері үшін өткізілген болатын.

Сонымен қатар, семинар барысында Qazpatent өкілі тауар таңбаларын тіркеу ерекшеліктері туралы айтып берді, ал QazIndustry өкілі өнеркәсіптік кәсіпорындарды ынталандырудың қолданыстағы шараларын атап өтті.

2024 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде облыс орталықтарында экспорттаушыларды оқыту бойынша тағы 15 семинар мен онлайн-марафон өткізіледі.

 

Пікір қалдыру