Алматылық экспорттаушылар шикізаттық емес өнімдерді жеткізуді 74,3%-ке арттырды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Алматылық экспорттаушылар шикізаттық емес өнімдерді жеткізуді 74,3%-ке арттырды

 

Алматыда сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен «QazTrade» АҚ-ның бас директоры Нұралы Бөкейханов өңірлік экспорттық кеңестің отырысын өткізді.

Кездесуде спикерлер кәсіпкерлерге шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.

«Алматы қаласы айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие және экспорттаушылар саны ең көп өңір болып табылады – 21 %. Бұл көрсеткіш ЖӨӨ-нің жоғары болуына (жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша 2 – орын), халық санының көптігіне және бизнес субъектілерінің көп шоғырлануына байланысты», – деп атап өтті Қайрат Төребаев өз сөзінде.

Алматыда машина жасау, химия, АӨК, металлургия және басқа да салалардың ірі және орта кәсіпорындары жұмыс істейді. Өткен жылы өңірдің өңделген өнімінің тауар айналымы 43,1%-ға артып, 25 млрд долларға жетті. Шикізаттық емес экспорт айтарлықтай өсті – 74,3%-ға, 4 млрд доллардан асты.

Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, қала экспорттаушылары мемлекеттік қолдау құралдарын белсенді пайдалануда.

«2022 жылы 47 компания Экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушылары, 7 компания Alibaba-ның алтын аккаунтының иегерлері атанды, сондай-ақ 17 кәсіпорын 606 млн теңгеге тауарларды жеткізу және ілгерілету шығындарын өтеді. Алматы экспорттаушылары өз өнімдерін негізінен Ресей, Қытай, Польша, Қырғызстан Өзбекстан және Түрікменстан нарықтарына сатты», – деді «QazTrade» басшысы.

Негізгі экспорттық тауарлардың қатарына сутегі, инертті газдар және басқа металл еместер, жеңіл автомобильдер, мыс және мыс катодтары, есептеу машиналары, легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар жатады.

Кеңес отырысында кәсіпкерлер шетелдік нарықтарға шығу кезінде кездесетін қиындықтар туралы айтып берді. Өз кезегінде спикерлер проблемалық мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, өз пікірлерін білдірді.

 

 

Іс-шараға «KazakhExport» АҚ-ы, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік және ведомстволық ұйымдардың, экспортқа бағдарланған компаниялардың өкілдері қатысты.

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Сауда және интеграция вице-министрі Қ.Төребаев пен «QazTrade» АҚ-ның бас директоры Н.Бөкейханов «Келет» АҚ-да болып, кәсіпорынның сумен жабдықтау, жылыту және желдетуге арналған электр жабдықтарын дайындау және өткізу жөніндегі өндірістік мүмкіндіктерін зерттеді.

 

Пікір қалдыру