26 ақпанда БАӘ астанасында өткен Дүниежүзілік сауда ұйымының 13-ші министрлік конференциясы алаңында Қазақстан делегациясының өкілдері бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Конференция аясында Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Халықаралық сауда орталығының директоры Памела-Коук Гамильтонмен келіссөздер жүргізді. Тараптар өңірішілік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ сауда рәсімдерін жеңілдету мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Еуропалық одақ қаржыландыратын Ready4Trade-Орталық Азия жобасын табысты іске асыру және жобаның екінші кезеңін одан әрі енгізу атап өтілді. Аталған жобаның институционалдық серіктесі – «Qaztrade» АҚ атынан іс-шараға халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова қатысты.
Өз кезегінде Сингапурдың сауда және өнеркәсіп министрі Ган Ким Йонгпен және Болгарияның экономика және индустрия министрі Богдан Богдановпен, Вьетнамның өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен, ЕО-ның ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войцеховскиймен кездесулерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту перспективалары талқыланды.
Жалпы, жоғарыда аталған кездесулер Қазақстанның көпжақты қарым-қатынастарды дамытудағы және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерді іздестірудегі стратегиялық күш-жігерін және ДСҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың басым бағыттарын көрсетеді. Бұл ретте Қазақстан мен ДСҰ елдері арасындағы өзара сауданың жалпы көлемі 2023 жылы 132,9 млрд долларды құрағанын атап өту маңызды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 4% -ға артық.