Орталық Азия елдерінің сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі InfoTradeCentralAsia.org өңірлік порталы Әбу-Даби қаласындағы Дүниежүзілік инвестициялық форумы аясында «Үздік сауда ақпараттық порталы» номинациясы бойынша Digital Government Awards жеңімпазы атанды.
Central Asia Gateway цифрлық платформасы – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан кәсіпкерлері үшін сауда талдауының бірыңғай порталы. Ол Еуропалық Одақ қаржыландыратын және БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) техникалық қолдауымен Халықаралық сауда орталығы жүзеге асыратын Орталық Азия Ready4trade жобасы аясында жасалған. Портал осы елдердегі сауда рәсімдерін оңайлату бойынша Ұлттық интернет-сайттардың деректерін біріктіреді, сондай-ақ өнімнің ерекшелігін ескере отырып бизнестің трансшекаралық сауда талаптары туралы ақпаратқа оңай қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап Tradeinfo.kz ақпараттық порталы жұмыс істейді. Онда 50 тауар тобы бойынша барлық қажетті мәліметтер, сауда статистикасы, заңнамаға сілтемелер, сауда ережелері және басқа да деректер бар.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукованың айтуынша, Tradeinfo.kz ұлттық платформасы порталды іске асыру бойынша ұлттық әріптес болып тағайындалған ҚР Сауда және интеграция министрлігімен және «QazTrade» «сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен ынтымақтаса отырып, ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімді іске асыру шеңберінде әзірленді.
«Ұлттық сауда порталы Орталық Азия елдері арасындағы транзиттік-көлік дәлізін дамытуда және сауда рәсімдерін жеңілдетуде елеулі рөл атқарады. Ол кәсіпкерлерге бір көзден алынған мамандандырылған ақпараттың толық көлемін ұсынады, бұл бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Ал, алынған Digital Government Awards марапаты ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісіміне сәйкес кәсіпкерлерге халықаралық нарықтарға шығу үшін жағдай жасау бойынша біздің бес еліміздің бірлескен жұмысының тиімділігін айғақтайды», – деп атап өтті Жанель Кушукова.
Орталық Азия елдерінің Central Asia Gateway бірыңғай платформасы 2023 жылдың мамырында іске қосылды, осы уақыт ішінде оны пайдаланушылардың саны 195 000-ға жетті. Бүгінгі таңда цифрлық портал Орталық Азиядағы 280 сауда ағынын қамтиды.
Марапаттау рәсімінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ны Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның экспортқа бағдарланған бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту саласындағы күш-жігерінің тиімділігін атап өтті.
«Орталық Азия елдері алдарына экспортты ұлғайту бойынша өршіл мақсаттар қойды. Шағын және орта бизнес үшін Central Asia Gateway Орталық Азияның «Есіктен есікке» дәліздеріндегі трансшекаралық формальдылықтарды шолу арқылы жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін тамаша құрал болды. Осы порталдың көмегімен трейдерлер импорттың, экспорттың және транзиттің ережелері мен рәсімдері, соның ішінде өңір елдерінде қажетті барлық нысандар мен құжаттар туралы ақпарат ала алады», – деп атап өтті Нұрлан Құлбатыров.
Өз тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау үшін Саудаға жәрдемдесу және ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімді іске асыру жөніндегі Ұлттық порталын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.