Неліктен бизнес кеңеймейді, жаңа нарықтарды қалай бағындырады және шетелдік сатып алушының қызығушылығын сақтай алады? Бұл сұрақтарға кәсіпкерлер Qaztrade сарапшылары Еуропалық Одақ жобасы аясында өткізген экспорт және халықаралық сауда бойынша оқыту семинар-тренингінде жауап алды.
Оқудың бірінші күнін аша отырып, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров экспортты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы айтып берді. Ең алдымен, олар шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Кәсіпкерлер арасында ең сұранысқа ие құрал экспорттық тауарлар мен қызметтерді тасымалдау және ілгерілету шығындарын өтеу болып табылады.
«Көптеген экспорттаушылар тауарларды жеткізуде қиындықтарға тап болады, біз компанияларға көлік шығындарын өтейміз. Бұл ретте тауар неғұрлым күрделі болса, экспорттаушы соғұрлым көп қаражатты қайтара алады. Мысалы, бидайды жөнелту кезінде өтеу сомасы шығындардың 30%-нан аспайды. Егер кәсіпорын макарон өнімдерін немесе глютенді экспорттаса және бұл неғұрлым күрделі технологиялық өндіріс болса, онда оған көлік шығындарының 80%-на дейін қайтарылуы мүмкін», – деп түсіндірді Нұрлан Құлбатыров.
Жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған экспорттаушы компаниялар кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыруға, серіктестер табуға және жаңа өткізу нарықтарын игеруге көмектесетін жыл сайынғы акселерация бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін қазақстандық тауар өндірушілер үшін басым көрші елдерге, Таяу Шығысқа және басқаларға сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылады.
Экономика бойынша PhD докторы, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова атап өткендей, шетелдік нарықтарға шықпас бұрын импорттаушы елдің талаптарын, сапа стандарттарын зерделеу, тауардың экспорттық әлеуетін түсінуі қажет.
«Алдын ала талдап, болжам жасап, оны экспорттық стратегияңызға енгізетін маркетолог мамандарды тартыңыз. Сертификаттауды, өнімдеріңіздің шетелдік талаптарға сәйкестігін күшейтіңіз. Көптеген компаниялар бұған назар аудармайды, бірақ мұны үнемі жасау керек, осы бағытта өз білімін арттыратын арнайы адамды бөліп көрсету керек», – деп атап өтті Айнұр Әмірбекова.
Бұл ретте, экспортқа байланысты тәуекелдерді әрқашан ескеру қажет. Қазақстан негізінен транзиттік елдер арқылы экспорттайды. Егер тауар Еуропаға жөнелтілсе, онда, әдетте, мультимодальды тасымалдау қолданылады. Бұл жағдайда жүкті сақтандыру ұсынылады.
Айнұр Әмірбекованың айтуынша, қазақстандық азық-түлік тауарлары нарықта өте сұранысқа ие. Алайда, біздің компаниялар әрқашан сатып алушыға қажетті көлемді жеткізе алмайды. Сондықтан, экспорт жолына түсе отырып, экспорттық стратегияны алдын-ала ойластырып, бизнесті кеңейту қолданған дұрыс.
«Егер сіз тек пайда табу тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар 20-50 жылдан кейін сіздің балаларыңыз айналысатын тұрақты бизнесті құру тұрғысынан ойласаңыз, онда сіз екі есе жеңіске жетесіз», – деді PhD докторы семинарға қатысушыларға және ірі брендтер мен корпорациялардың тәжірибесін мысалға келтірді.
Оқыту тренингінде кеңесшілер төрт негізгі тақырып бойынша ақпарат ұсынды: Халықаралық сауда ережелері, Экспорт процесі, Еуропалық Одақ нарығының талаптары, Сапасы мен сәйкестігі.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге пайдалы ресурстар – Қазақстанның сауда порталы және QazTrade Academy оқыту платформасы таныстырылды. Мұнда шағын және орта бизнес өкілдері кедендік декларацияны қалай толтыру керектігі туралы деректерді, тауардың шығу тегі туралы сертификатты қалай алуға болатынын, өнімді немесе қызметті экспортқа шығару үшін қандай қадамдар жасау керектігін біліп қана қоймай, сонымен қатар онлайн оқытудан өтіп, сертификат ала алады.
Астанадағы Семинар Ready4Trade бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге арналған оқыту тренингтерінің сериясын аяқтады. 2022-2023 жылдар аралығында Халықаралық сауда орталығының нұсқаушылары QazTrade сарапшыларымен бірлесіп Қазақстанның 17 қаласында 27 офлайн-семинар өткізді, оларға 1690 әлеуетті және жұмыс істеп тұрған экспорттаушылар қатысты.