Логистикалық сервистерді дамытуға QazTrade белсенді қатысады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Логистикалық сервистерді дамытуға QazTrade белсенді қатысады

 

Шымкентте 4 шілдеде Қазақстанның алғашқы жүк компаниясы ретінде тіркелген «ALPHA SKY» ЖШС-тің тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстанның авиациялық билігінің, «QazTrade» АҚ басшылығының, Шымкент қаласы әкімдігі мен кеден органдары өкілдерінің, сондай-ақ өңірдің көлік-логистикалық секторы мен бизнесінің қатысуымен өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша «QazTrade» мен «ALPHA SKY» ЖШС арасында өңделген экспортты сыртқы нарықтарға жылжыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес тараптар мамандандырылған экспорттық көліктік-логистикалық сервистерді құруға және дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты.

Өз сөзінде «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Айбек Сағынаев сапалы экспорттық логистикалық сервистерді құрудың ерекше маңыздылығын, бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды қолдану, экспорттық рәсімдерді оңайлату қажеттілігін атап өтті, бұл экспорттың тауар номенклатурасын әртараптандыруға және кеңейтуге ықпал ететін болады.

Сондай-ақ, ол өңделген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру үшін «QazTrade» қолдау шаралары туралы хабарлады. Атап айтқанда, бизнес өкілдеріне экспорттық акселерация бағдарламасы, шығыстардың бір бөлігін өтеу, халықаралық сауда алаңдарына шығару, экспорттаушыларды талдамалық және ақпараттық қолдау туралы айтып берді.

Өз кезегінде «ALPHA SKY» ЖШС жоғары қауіпсіздік стандарттары мен қолайлы тарифтік саясатты қамтамасыз ете отырып, Boeing 737-400F жеке жүк ұшағымен де, жақын және алыс шет елдер бағытында тартылатын әуе кемелерімен де экспорттық өнімді тасымалдау мүмкіндіктерін таныстырды.

Сонымен қатар, қатысушылар Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жүк авиациялық тасымалдауды ұйымдастыру бойынша ағымдағы шарттармен және мүмкіндіктермен танысты, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы білді. Мәселен, жаңа терминал құрылысын аяқтау, болашақта кез келген үлгідегі әуе кемелерін қабылдай алатын ағымдағы ұшу-қону жолағын ұзарту, жүктерді өңдеуге арналған заманауи қоймалар салу көзделіп отыр.

Пікір қалдыру