Неліктен Орталық Азия елдеріне тауарларды Еуропалық Одақ аумағына экспорттау тиімді болуы мүмкін? Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері Өскеменде өткен семинар-тренингте білді.
Еуропа нарығы әлемдегі ең төлем қабілетті нарықтардың бірі және қазақстандық өнімнің үлкен тұтынушысы болып табылады. Бүгінгі таңда ЕО елдері Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-н құрайды. Қазақстандық экспорттың жоғары үлесін шикізат иеленсе де, елімізде дайын өнімді Еуропаға жеткізу бойынша көптеген табысты кейстер бар.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядан келген тауарлар, мысалы, жеткізу жылдамдығы мен құны тұрғысынан Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін тауарлармен барынша бәсекелесе алады. Жүктерді теміржол арқылы тасымалдау орта есеппен 25 күнді алады және әдетте автомобильмен жеткізуден арзанырақ. Тасымалдауды үнемдеу үшін кәсіпкерлер жеткізілімдерді аймақтың басқа өндірушілерімен біріктіре алады. ОА-ның көптеген экспорттық компаниялары тәуекелдерді біріктіру және шығындарды азайту үшін кооперативтер немесе қауымдастықтар құру арқылы дәл осылай жасайды.
Жаңадан келген экспорттаушыларға арналған оқыту курсы төрт бағыт бойынша 15 өзекті тақырыпты қамтиды: Халықаралық сауда ережелері, Экспорттық рәсімдер, ЕО нарықтық талаптары, Сапа және сәйкестік стандарттары.
Екі күндік оқыту барысында шағын, орта және микробизнес өкілдері тәжірибелі жаттықтырушыларға сұрақтар қойып, нақты кейстерді талдап, бар проблемаларды талқылап, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару жөнінде ұсыныстар алды.
Сонымен қатар курс спикерлері семинарға қатысушыларға Tradeinfo.kz ақпараттық сауда порталының тұсаукесерін өткізді және экспортты қолдау бойынша QazTrade бағдарламалары туралы айтып берді. Бүгінде порталда толықтырылатын 50-ден астам тауар топтары бар.
«Tau Saulet» ЖШС өкілі Жансырым Сейітқазин атап өткендей, семинар өте танымдық және қажет, әсіресе экспорттық қызметпен әлі таныс емес адамдар үшін.
«Бірінші кезекте, экспорттық өнімге қандай талаптар қойылатыны, сондай-ақ қандай көздерден қажетті ақпаратты алуға болатындығы туралы білу қызықты болды. Орталық Азия елдері үшін бірыңғай портал бар екенін білдім», – деді кәсіпкер.
Тренингтің тағы бір қатысушысы – «Шығыс Авто» ЖШС Жанара Нұрғалиева да осындай пікірде.
«Мен семинарға экспорттық қызметтің негіздерін үйрену үшін келдім. Мен көп нәрсені түсіндім, ақпарат қол жетімді және нақты құрылымдалған. Болашақта алған білімімді пайдалана аламын деп үміттенемін», – деп бөлісті ол.
Тренинг соңында қатысушылар зерттелген материалды тестілеу және кеңесшілермен бірге қателерді талдау арқылы бекітті. Әрқайсысы курстан өткені туралы сертификат алды.
Кәсіпкерлерге арналған тұрақты оқыту курстарын Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade жобасы шеңберінде QazTrade-мен бірлесіп Халықаралық сауда орталығы ұйымдастырады. Білім беру жобасы Орталық Азия елдерінің аумағында жүзеге асырылуда. Оқыту екі форматта қол жетімді – жаттықтырушылар басқаратын офлайн семинарларда және онлайн Qaz TradeAcademy.kzо қыту платформасында.
QazTrade-нің Халықаралық интеграция департаментінің директоры, Ready4Trade Орталық Азия жобасының үйлестірушісі Айнұр Әмірбекованың ақпараты бойынша болашақта Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан кәсіпкерлері үшін бірыңғай саудалық талдау порталын құру жоспарлануда.
«Бұл Орталық Азия өңірінің экспорттаушыларына бір көзден мамандандырылған ақпараттың толық көлемін алуға мүмкіндік береді. Платформада экспорттық өнімнің сапасына қойылатын талаптар орналастырылады, сауда статистикасы, жекелеген елдер, сондай-ақ Еуропалық Одақ мемлекеттері бойынша іскерлік байланыстар ұсынылады. Бұдан басқа, мұнда әлеуетті экспорттаушылар мен серіктестер белгілі бір елде қолданылатын сауда заңдары мен ережелерін зерделеу үшін пайдалы сілтемелерді таба алады», – деді ол.
Биыл Қазақстанның 10 қаласында кәсіпкерлер үшін 12 көшпелі семинар өткізіледі. Оқыту тренингтері Астана, Алматы, Павлодар, Көкшетау және Өскемен қалаларында өтті. Экспорттаушыларға арналған келесі семинар 2023 жылғы 5 сәуірде Семей қаласында өтеді.