Шымкент қаласында «SHYMKENT INVESTMENT FORUM–2023» өңіраралық инвестициялық форумы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, сараптамалық ұйымдардың, БАҚ басшылары, сондай-ақ әлемнің 10 елінен келген отандық және шетелдік инвесторлар қатысты.
Форумда «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Нұралы Бөкейханов ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ желісі бойынша экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдарын таныстырды.
Оның айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласының өңделген өнімінің тауар айналымы 2,4 млрд долларды құрап, 37,2%-ға артты. Шикізаттық емес экспорт екі есеге өсіп, 730 млн долларға жетті. Негізгі экспорттық тауарлар дистилляттар, ұн, күнбағыс майы, цемент және битум болды. Шымкенттік экспорттаушылар өз өнімдерін негізінен Өзбекстан, РФ, Түркия, Қырғызстан, Ауғанстан және Нидерланды нарықтарына сатты.
Экспорттық акселерация шеңберінде – отандық компанияларды халықаралық нарықтарға нүктелік шығару жөніндегі бағдарлама – Шымкент кәсіпорындары экспорттық келісімшарттар жасай алды.
«Жыл сайын біз тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі және машина жасау секторында 100-ден астам қазақстандық өндірушілерді, сондай-ақ Қызмет көрсететін компанияларды іріктеп аламыз. Биыл елдердің географиясы сегіз нарыққа дейін кеңейді: Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы және Вьетнам», – деді Нұралы Бөкейханов.
Ол QazTrade Alibaba-ның ең ірі халықаралық B2B алаңымен ынтымақтасатынын атап өтті.
«Жыл сайын біздің компанияларға осы платформада «алтын» шоттар беріледі, бұл оларға өз өнімдерін бүкіл әлем бойынша (Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Оңтүстік Америка) белсенді түрде жылжытуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның арқасында отандық өндірушілер келісімшарттар жасасып, экспорттай бастады», – деп толықтырды QazTrade басшысы.
Қазақстандық экспорттаушыларды қолдаудың тағы бір құралы сауда-экономикалық миссияларды өткізу болып табылады. QazTrade шетелдік мемлекеттік органдардың, сауда институттары мен бизнесмендердің қатысуымен жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырады. Отандық бизнес өкілдерінің тұру шығындары, компанияның бір өкілінің болу еліндегі трансфері, аударым қызметтері қажет болған жағдайда мемлекет есебінен көрсетіледі, оған B2B кездесулерін ұйымдастыру, зал мен жабдықты жалға алу, каталогтарды дайындау кіреді.
Биыл QazTrade Шанхайдағы (ҚХР) қытайдың 6-шы халықаралық импорттық көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр.
Экспорттаушыларды қолдаудың ең сұранысқа ие құралы көлік шығындарының бір бөлігін және өнімді шетелдік нарықтарға жылжыту шығындарын өтеу болып табылады. Экспорттаушылар өнімді өңдеу деңгейіне байланысты логистикалық шығындарының 80%-на дейін және тауарларды сыртқы нарықтарға жылжыту үшін 60%-на дейін өтей алады.
«Өткен жылы біз қазақстандық экспорттаушыларға 8,85 млрд теңге өтедік. Оның ішінде Шымкенттен келген 19 компания 560 млн теңгені өтей алды. Бұл тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындар. Биыл біз қолдау шараларын көрсетуді жалғастырамыз», – деп түйіндеді «QazTrade» АҚ Бас директоры.