QazTrade тасымалдаушыларға экспорттық логистиканы дамыту үшін күш біріктіруді ұсынады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

QazTrade тасымалдаушыларға экспорттық логистиканы дамыту үшін күш біріктіруді ұсынады

«QazTrade» АҚ-ы Бас директорының орынбасары Айбек Сағынаев «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік одағының Жылдық Жалпы жиналысының отырысына қатысты. Жиналыс «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік одағы төралқасының төрағасы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың басшылығымен өтті.

Айбек Сағынаев «Ағымдағы жағдайларда экспорттық логистиканы дамыту» тақырыбында сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы сауда көрсеткіштерін ұсынды, сондай-ақ экспорттық жүктерді баламалы бағыттарға қайта бағдарлау үрдісін атап өтті. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағыты қазір отандық өнімдерді Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына жылжыту үшін белсенді қолданылуда. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарына одан әрі шығу мүмкіндігі арқылы Иранға қарай үлкен әлеуетке ие.

Жиынға қатысушыларға ҚР Сауда және интеграция министрлігінің шекара маңы хабтарының желісін дамыту бойынша қабылдаған шаралары таныстырылды. Логистикалық орталықтардың қызметі көрші елдермен тауар айналымын ұлғайтуға және тұтастай алғанда Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ, «QazTrade» АҚ-ы Бас директорының орынбасары қазақстандық өнімдер мен қызметтерді өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау құралдарын атап өтті. Атап айтқанда, экспорттаушылар тауарларды жеткізуге және тасымалдау қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалған шығындардың бір бөлігінің өтелетініне сене алады.

Айбек Сағынаевтың айтуынша, қазір экспорттық маршруттарды субсидиялаудың әлемдік тәжірибесі зерттелуде. Мұндай тәжірибені Қазақстанда қолдану отандық өңделген өнімнің алыс шетелдердің жаңа нарықтарына шығуына серпін беруі мүмкін.

Соңында ол «QazTrade» АҚ-ның көлік нарығының қатысушыларымен белсенді өзара іс қимылын атап өтті және экспорттық логистиканы одан әрі дамыту үшін күш біріктіруді ұсынды.

Айбек Сағынаев 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап «KTZ Express» АҚ-мен бірлесіп ҚХР-ға шағын жүк партияларын (LCL) тасымалдау бойынша логистикалық сервисті ұйымдастыруды айрықша мысал ретінде келтірді.