Тауарды Еуропаға және басқа елдерге қалай экспорттауға болады, экспорттық серіктестерді қайдан іздеу керек және өз бизнесіңізді экспорттық қызметке қалай дайындау керек? Осы және басқа да сұрақтарға спикерлер Қостанайдағы кәсіпкерлерге арналған семинарда жауап берді.
Халықаралық сауда орталығы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, Еуропалық Одақтың қолдауымен шағын және орта бизнес үшін экспорт және халықаралық сауда бойынша оқыту курстарының сериясын өткізеді. Ready4Trade Орталық Азия жобасы аясында қазақстандық кәсіпкерлер экспортқа бағдарланған кәсіпорындар қызметінің ерекшеліктерін және халықаралық сауда ережелерін зерделейді, қажетті сертификаттарды қайдан алуға болатынын және жаңа нарықтарға шығуды неден бастау керектігін біледі.
Оқыту 4 негізгі тақырып бойынша өтеді: Халықаралық сауда ережелері, Экспорт процесі, ЕО нарығының талаптары, Сапасы мен сәйкестігі.
«Біздің компания ауыл шаруашылығы өнімдерін Өзбекстанға, Тәжікстанға және Ауғанстанға экспорттайды. Экспорт саласында қолда бар тәжірибеге қарамастан, семинарда мен көптеген жаңа ақпарат, экспорттаушыларға көмек ретінде пайдалы байланыстар мен интернет-ресурстар тізбесін алдым», – деп бөлісті Қостанайдағы екі күндік тренингке қатысушы «Kaz Agro Trans Company» ЖШС-нің өкілі.
Сонымен қатар, жаттықтырушылар кәсіпкерлерге Қазақстанның tradeinfo.kz сауда порталының жұмысы туралы айтып береді, ол 2022 жылдың шілдесінде іске қосылған болатын. Сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі ұлттық портал экспорттық-импорттық қызметті және тауарлар транзитін жүзеге асыру үшін қажетті барлық кезеңдерді егжей-тегжейлі сипаттайды. Порталда 50 сауда тобы бойынша әлеуетті импорттаушылар мен экспорттаушылар үшін ақпарат, сондай-ақ қажетті құжаттар мен нысандардың тізбесі орналастырылған.
Экспорттаушылар үшін келесі курстарды 26 қаңтарда Астанада өткізу жоспарлануда.