Сауданы қалай «жасылдандыруға» болады, айналмалы экономика дегеніміз не және суды сауатты басқару халықаралық сауданың сипатын қалай өзгерте алады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің және БҰҰ Еуропалық Комиссиясының өкілдерінің қатысуымен «QazTrade» сауда саясаты орталығы» АҚ ұйымдастырған Астанадағы семинарда айтылды.
ЕЭК Орталық Азия экономикалары үшін БҰҰ Арнайы бағдарламасының (СПЕКА) орнықты сауда қағидаттарын іске асыру жөніндегі ұлттық жол картасын әзірлеуге жәрдемдеседі. Бұған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Тәжікстан және Түрікменстан кіреді.
БҰҰ-ның Қазақстан бойынша Еуропалық экономикалық комиссиясының өңірлік кеңесшісі Марио Апостолов атап өткендей, Қазақстан спек қағидаттарын өзінің орнықты даму стратегияларына алғашқылардың бірі болып енгізді.
Бүгінгі таңда сауда күн тәртібінің басты міндеті – елдердің экономикасын әртүрлі күйзелістерден қалпына келтіру. Жаһандық климаттың өзгеруі, пандемия, геосаяси жағдай орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі Ұлттық жоспарларды іске асыруға елеулі әсер етеді, солардың бірі – тұрақты сауда-экономикалық байланыстарды қамтамасыз ету.
ЕЭК консультанттарының пікірінше, тұрақты экономика қағидаттарын енгізу мемлекеттер үшін де, компаниялар үшін де, әсіресе өтпелі экономикасы бар елдердегі шағын және орта бизнес үшін өте күрделі процесс. Алайда, ұзақ мерзімді перспективада айналмалы экономика даму жоспарларында белгіленген экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мақсаттарды іске асыруға ықпал етеді, оның ішінде экспортты әртараптандыруға көмектеседі.
Семинарда сарапшылар СПЕКА елдері арасындағы астық пен жеміс экспорты бойынша бизнес-процестерді зерттеу нәтижелерін ұсынды, сондай-ақ су ресурстарын басқару мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің өзара байланысын мысалдармен көрсетті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, экспортты қолдау және сауданы дамыту жөніндегі зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Анықтама:
БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы (СПЕКА) 1998 жылы Орталық Азиядағы субөңірлік ынтымақтастықты нығайту және оны әлемдік экономикаға интеграциялау мақсатында іске қосылды. СПЕКА қызметі мынадай жұмыс топтары шеңберінде жүзеге асырылады: су, энергетика және қоршаған орта; тұрақты көлік, транзит және бірігу; сауданы дамыту; статистика; білімге негізделген даму, гендерлік теңдік және орнықты даму.