Қазақстан отандық кәсіпорындарды Еуропалық одақтың 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа экологиялық талаптарына бейімдеу жұмыстарын күшейтуде. Жаңа ережелер Еуропа нарығына жеткізілетін кейбір өнеркәсіп тауарлары үшін көміртегі шығарындыларына байланысты қосымша төлемдерді қарастырады. Алайда өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газының нақты көлемін растау қазақстандық экспорттаушылардың шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл мәселе Түркияда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ ұйымдастырған арнайы сессияда талқыланды. Жиынға «QazTrade» АҚ бас директоры Нұрлан Құлбатыров модераторлық етті. Қатысушылар жаңа талаптар жағдайында қазақстандық өнімнің Еуропа нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін сақтау және отандық кәсіпорындарды алдағы өзгерістерге дайындау жолдарын қарастырды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропалық одақ көміртегі шығарындыларын трансшекаралық реттеу тетігін (CBAM) толыққанды іске асыру кезеңіне өтті. Бұл талаптар металлургия өнімдеріне, алюминий мен тыңайтқыштарға және басқа да бірқатар өнеркәсіп тауарларына қолданылады. Енді мұндай өнімдерді Еуропа нарығына шығарғанда оларды өндіру кезінде бөлінген көмірқышқыл газының көлемі де есепке алынады.
Осылайша, қазақстандық өнімнің Еуропа нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі оның бағасы мен сапасына ғана емес, өндірістің экологиялық көрсеткіштеріне де тәуелді болмақ.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан CBAM талаптары қолданылатын тауарлар бойынша 4 млрд доллардың өнімін экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7%-ға жоғары. Соның ішінде Еуропалық одақ елдеріне 317,1 млн доллардың өнімі жеткізілді. Экспорттың негізгі бөлігін алюминий, темір және тыңайтқыштар құрады.
Халықаралық сауда орталығы (ITC) мен «QazTrade» АҚ бірлесіп жүргізген зерттеуге сәйкес, шығарындылардың стандартты көрсеткіштері негізге алынып, көміртегінің бір тоннасы 80 еуро деп есептелген жағдайда, төрт тауар түрі бойынша жыл сайынғы ықтимал төлем көлемі 114 млн еуроға жетуі мүмкін. Ал кәсіпорындар өндірістегі нақты шығарындылар көлемін растай алса, бұл шығын шамамен екі есеге азайып, 57 млн еуроға дейін төмендеуі ықтимал.
Сессияда сөйлеген сөзінде ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Қазақстанның отандық өндірушілерді халықаралық нарықтардағы өзгерістерге бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Біз үшін отандық өндірушілердің жаңа талаптардан хабардар болуы ғана емес, оларға іс жүзінде дайын болуы да аса маңызды», – деді Жанель Кушукова.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде көміртегі шығарындыларын өлшеу, есепке алу және олардың көлемін тәуелсіз растау жүйесін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл кәсіпорындарға өндіріс туралы шынайы мәліметтер ұсынуға және өнімді шетел нарықтарына жеткізу кезінде нақты экологиялық көрсеткіштерді ескеруге мүмкіндік береді.
Жанель Кушукова жаңа талаптарды өнеркәсіпті жаңғыртуға, экологиялық таза технологияларды енгізуге және өндіріс тиімділігін арттыруға берілген мүмкіндік ретінде қарастыру қажеттігін де атап өтті. Мұндай тәсіл қазақстандық компанияларға жаңа жағдайға бейімделіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға жол ашады.







