2026 жылғы 5 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған FOC 2026: Fats and Oils Conference V мерейтойлық халықаралық конференциясы өтті.
Конференцияға әлемнің 18 елінен 330-дан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агрохолдингтердің, қайта өңдеу кәсіпорындарының, логистикалық компаниялардың және май-тоңмай өнімдерін импорттаушылардың өкілдері болды.
Бес жыл ішінде форум май-тоңмай саласын дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, логистиканы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайтын беделді халықаралық алаңға айналды.
Конференция аясында «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Аймұхамед Тұрарбекұлы Алданжаров Қазақстанның май-тоңмай саласының қол жеткізген нәтижелері мен экспорттық әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың экспорттық түсімі рекордтық 963 млн АҚШ долларына жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Өндіріс көлемі 1,57 млн тоннадан асып, отандық өндірушілердің өнімдері бүгінде әлемнің 20-дан астам еліне экспортталуда.
«Бүгінде Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 6-орында, Қытай нарығына жеткізушілер арасында 2-орында тұр. Сонымен қатар еліміз Орталық Азия мемлекеттеріне өсімдік майларын жеткізуде көшбасшы болып табылады. Май-тоңмай саласы шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлерінің біріне айналып, Қазақстанның халықаралық нарықтардағы позициясын нығайтуды жалғастыруда», — деп атап өтті «QazTrade» АҚ Бас директоры Аймұхамед Тұрарбекұлы Алданжаров.
Май-тоңмай секторы Қазақстанның қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының валюталық түсімінің 27%-ын қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары күнбағыс майын өндіру көлемі 2,3 есеге өсіп, 752 мың тоннадан асты, ал ішкі нарықтағы импорт үлесі екі еседен астам қысқарды.
Қазіргі таңда қазақстандық май-тоңмай өнімдерінің негізгі өткізу нарықтары Қытай, Орталық Азия елдері, Еуропалық Одақ мемлекеттері, сондай-ақ Норвегия, Ауғанстан және Иран болып табылады. Соңғы екі жылда Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізуші ең ірі мемлекетке айналып, осы елдердегі импорттың 90%-дан астамын қамтамасыз етуде.
Конференция барысында 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжат Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен International Trade Centre (ITC) ұйымының әдістемелік және техникалық қолдауымен, сондай-ақ Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасы аясында QazTrade ұйымының қолдауымен әзірленген.
Болжамдарға сәйкес, Жол картасын іске асыру нәтижесінде саланың экспорттық түсімі 60%-дан астам өсіп, 2028 жылға қарай 1,5 млрд АҚШ долларына жетеді. Бұл Қазақстанның күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі ең ірі үш елдің қатарына енуіне мүмкіндік береді.
Аталған бастама аясында өткізу нарықтарын кеңейту және экспорттық логистиканы дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын теңіз кемесіне тиеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Достық – Алашанькоу» шекара өткелі арқылы Қытай бағытына түйіршіктелген күнбағыс шротын сынақтық жеткізу басталды. Бұдан бөлек, Қазақстан тарихында алғаш рет күнбағыс майы флекситанк қолданылған 40 футтық контейнерлермен Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелтіліп, жаңа логистикалық шешімдердің тиімділігі дәлелденді.
FOC 2026 конференциясы Қазақстанның май-тоңмай саласының жоғары әлеуетін және оның елдің шикізаттық емес экспортын дамытудағы стратегиялық маңызын тағы да растады.





