ҚАЗАҚСТАН–КЕНИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ: САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

ҚАЗАҚСТАН–КЕНИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ: САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

ҚАЗАҚСТАН–КЕНИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ: САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

2026 жылғы 20 мамырда Астана қаласында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Қазақстан–Кения бизнес-форумы өтті. Іс-шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялық әріптестікті кеңейтуге және кәсіпкерлер арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы мен Кения Республикасының негізгі мемлекеттік органдары мен даму институттарының қолдауымен «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ (QazTrade АҚ) ұйымдастырды. Форум сауда, логистика, цифрлық трансформация және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңға айналды.

Форум жұмысына Қазақстан мен Кенияның мемлекеттік құрылымдары мен даму институттарының өкілдері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Инвестициялар комитеті, сондай-ақ KAZAKH INVEST, «Атамекен» ҰКП, KEPROBA (Kenya Export Promotion and Branding Agency), Invest Kenya, Kenya National Chamber of Commerce and Industry (KNCCI) және екі елдің қаржы-логистикалық секторларының өкілдері қатысты.

Пленарлық сессия барысында қатысушылар Қазақстан мен Кения арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуді, сондай-ақ халықаралық сауданы дамытудағы цифрлық инфрақұрылым мен финтех шешімдерінің рөлін талқылады.

Көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар мен бизнес өкілдері сауда ағындарының тиімділігін арттыру үшін тұрақты логистикалық бағыттарды дамыту және сауда рәсімдерін жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті.

Іскерлік бағдарлама аясында QazTrade АҚ қазақстандық және кениялық компаниялар арасында B2B кездесулер ұйымдастырды. Бұл формат қатысушыларға өнім жеткізу мүмкіндіктерін, бірлескен жобаларды және жаңа нарықтарға шығу шарттарын тікелей талқылауға мүмкіндік берді.

Форумның негізгі оқиғаларының бірі – екі елдің даму институттары мен бизнес ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы құжаттармен алмасу рәсімі болды:

QazTrade АҚ және KEPROBA;
KAZAKH INVEST және Invest Kenya;
«Атамекен» ҰКП және KNCCI;
AGU және FSA.

Қол қойылған меморандумдар институционалдық ынтымақтастықты нығайтуға, экспорттық әлеуетті дамытуға және Қазақстан мен Кения арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Форум соңында QazTrade АҚ Бас директоры ресми мәлімдеме жасап, былай деді:
«QazTrade АҚ Қазақстанның халықаралық сауда байланыстарын жүйелі түрде дамытуда. Біз экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Мұндай алаңдар бизнеске тікелей серіктестер табуға және жаңа нарықтарға шығуға жол ашады».

Қазақстан–Кения бизнес-форумының өткізілуі халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту және қазақстандық компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам болды.