Бір күнде $62,6 млн: Қазақстан Моңғолияға экспортты арттыруда - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Бір күнде $62,6 млн: Қазақстан Моңғолияға экспортты арттыруда

Қазақстандық компаниялар Улан-Баторда өткен бизнес-миссия барысында Моңғолиямен жалпы сомасы $62,6 млн болатын экспорттық келісімшарттар жасасты. Қазақстан делегациясын ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова басқарады.

«Біз Моңғолияны шикізаттық емес экспортты кеңейту үшін перспективалы бағыт ретінде қарастырамыз. Жеткізілімдердегі дайын өнім үлесінің жоғары болуы және бизнес тарапынан қызығушылық бұл нарықтың сынақ алаңы емес, тұрақты сауда бағытына айналып келе жатқанын көрсетеді», — деп атап өтті Айжан Бижанова Улан-Батордағы бизнес-форум барысында.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Моңғолияның Қазақстаннан импорты үш есеге өсті. Қазақстан жеткізілімдерінің 90%-дан астамын азық-түлік пен өнеркәсіп өнімдерін қоса алғанда, шикізаттық емес дайын тауарлар құрайды. Мұндай экспорт құрылымы шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар өнімдерді жеткізуге біртіндеп көшуді көрсетеді.

Вице-министрдің айтуынша, ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы 367-ге жуық тауар позициясын қамтитын Уақытша сауда келісімі ынтымақтастыққа қосымша серпін беруі мүмкін. Құжат кедергілерді азайтып, нарыққа қолжетімділікті кеңейтуді көздейді, бұл экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер мен бірлескен жобаларды іске қосуға жағдай жасайды.

«Қазіргі уақытта оның күшіне енуі бойынша жұмыс жүргізілуде, және бұл жақын арада жүзеге асады деп күтеміз. Бұл біздің компаниялар үшін экспортты кеңейтуге және бірлескен жобаларды іске қосуға қосымша мүмкіндіктер береді», — деп қосты ол.

Ынтымақтастықтың логикалық жалғасы ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану қарастырылуда. Бұл Моңғолияға экспорттық маршруттарды әртараптандыруға, жеткізу мерзімдерін қысқартуға және ЕАЭО, Кавказ, Түркия және Еуропалық одақ нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстан өнімдерді сыртқы нарықтарға шығару үшін негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтады.

Сауда миссиясы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға сапары қарсаңында өтуде, бұл қол жеткізілген келісімдерге қосымша саяси маңыз береді.