ЭР РИЯД БАҒЫТЫНДАҒЫ САУДА ДӘЛІЗІ - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

ЭР РИЯД БАҒЫТЫНДАҒЫ САУДА ДӘЛІЗІ

2026 жылғы 2 ақпанда Астанада «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Сауд Арабиясы Сауда палаталары федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың өзегі қарапайым, мазмұны нақты: екі ел кәсіпорындары үшін әріптес табу жолын жеңілдету, сыртқы сауда ережелері бойынша ақпарат алмасу, іскерлік байланыстарды жүйелеу, көрмелер, форумдар мен кездесулер өткізу. Сонымен бірге қажет болған жағдайда өкілдік ашу мүмкіндігі де құжатта бөлек көрсетілген.

Кездесуде Сауд тарапы атынан Сауд Арабиясы Сауда палаталары федерациясы жанындағы Орталық Азия елдері жөніндегі Сауд іскерлік кеңесінің төрағасы Ахмед Альдахиль қатысты. Қазақстан тарапынан QazTrade өкілдері болды: бас директордың орынбасары Бауыржан Ғайса, экспортты дамыту жөніндегі басқарушы директор Айнұр Әмірбекова, экспорттық акселерация және оқыту тобының бас менеджері Алимжан Умаров. Әңгімеге «Карат» ЖШС және стратегиялық брендинг агенттігінің жетекшісі Шахзада Шогельбаева бизнес ретінде қосылды.

Сауд нарығын тартымды ететін – тұтынудың ауқымы. Мекке мен Мәдинаға ай сайын шамамен екі миллион адам келеді. Мұндай көлем жеткізушіден тұрақтылықты талап етеді: сапа бірқалыпты, құжаттары мінсіз, жеткізуі кешікпейтін болуы керек. Сауд тарапы да әңгімені осы жерден бастады: сенімді жеткізілім және көлемді қамтамасыз ету. Қазақстан үшін талап түсінікті. Экспортқа шығатын компания алдын ала дайындалып келеді: сапасы расталған, қаптама мен таңбалауы нарыққа сай, құжат пакеті толық, жеткізу мерзімі нақты. Сонда ғана әңгіме тез арада баға мен шартқа ауысады.

Меморандумның мәні де осы жерде ашылады: кездейсоқ байланыстарды тұрақты жұмыс тәртібіне айналдыру. Құжат жүйелі коммуникацияны, іс-шаралар күнтізбесін, реттеу талаптары жөніндегі мәлімет алмасуды, әлеуетті серіктестерді іріктеуді қарастырады. Бизнес үшін бұл алғашқы қадамға кететін уақытты қысқартып, әр келіссөзді қайтадан нөлден бастауға мәжбүрлейтін жағдайларды азайтады.

Ең нақты мәселелер нарыққа кіру талаптары мен логистикаға тірелді. Азық-түлік пен фармацевтика үшін шешуші буын ретінде Сауд Арабиясының Азық-түлік және дәрі-дәрмек жөніндегі басқармасы (SFDA) аталды. Кездесуде сертификаттау бойынша үйлестіру және өнім желілерін нарық талабына бейімдеу талқыланды. Әдетте кідіріс осы тұста пайда болады: сатып алушы қызығушылық танытқанымен, таңбалау, растайтын құжаттар және толық пакет әлі дайын болмай жатады. Логистикада, әсіресе тез бұзылатын өнімдер мен ет бойынша, Дубай арқылы транзит маршрутты ұзартып, жолаушылар рейстеріндегі жүк шектеулері көлемге ықпал ететіні атап өтілді. Сондықтан Эр Рияд пен Алматы арасындағы тікелей рейстер, Джидда арқылы маршруттар және Астанамен байланысқан бағыттар өнімнің балғындығы мен соңғы бағасына тікелей әсер ететін практикалық шешім ретінде қаралды.

Сауд нарығында тұрақты қатысу форматы да назардан тыс қалмады. Эр Риядта сауда өкілдігін ашу және Сауд Арабиясының негізгі қалаларында көрмелер өткізу сатып алушылармен тікелей жұмысқа шығуды жеделдетеді әрі жеткізушіні тексеру үдерісін жеңілдетеді: түсінікті өнім желісі, толық құжаттама, жергілікті байланыс мәміле тәуекелін төмендетеді. Нәтижесінде қадамдар тізбегі анық көрінеді: меморандум өзара жұмыстың негізін бекітеді, іс-шаралар жаңа байланыстар әкеледі, SFDA нарыққа кіру ережесін белгілейді, логистика тез бұзылатын санаттар үшін жылдамдықты айқындайды, ал ірі өндірушілер көлем талабын орындайды. Шахзада Шогельбаева мұны қысқа да нұсқа түйіндеді: Қазақстан – мықты брендтер елі, әлеует жүйе экспорттық ауқымды көтерген жерде ашылады. Осы тұрғыдан қарағанда, кездесу мен меморандум Қазақстанның экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес экспортты өсіру жөніндегі президенттік бағытымен және елдің сауда саясатының мақсаттарымен үйлеседі.