Қазақстан Еуразия логистикасының картасын қалай өзгертіп жатыр — Гонконгте таныстырылды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Еуразия логистикасының картасын қалай өзгертіп жатыр — Гонконгте таныстырылды

QazTrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекованың жетекшілігімен қазақстандық делегация Азиядағы ең ірі логистикалық конференциялардың бірі ALMAC 2025, Гонконг қаласында өткен. Форумға әлемнің 40 елінен 2,3 мыңнан астам бизнес өкілдері, логистикалық операторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.

Форумда Қазақстан өңірдің Азия мен Еуропа арасындағы жаңа логистикалық торап ретіндегі әлеуетін таныстырды. Халықаралық институттардың деректеріне сәйкес, жыл сайын Орталық Азияның көлік бағыттары арқылы 200 млн тоннадан астам жүк өтеді, ал Транскаспий дәлізі бойынша тасымал көлемі соңғы үш жылда 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін үш еседен астам өсті. Бұл өңірдің шамадан тыс жүктелген теңіз маршруттарына сұранысы жоғары баламаға айналып келе жатқанын және жаһандық жеткізу тізбектеріне барған сайын белсенді интеграцияланып жатқанын көрсетеді.

Панельдік пікірталас барысында Айнұр Әмірбекова Қазақстан қазірдің өзінде өз дәліздерінің жылдамдығына, цифрландырылуына және болжамдылығына басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Орталық Азия дүниежүзілік логистикадағы рөлін жылдам өзгертіп келеді. Транскаспий бағыты рекордтық қарқынмен өсіп жатыр, құрғақ порттар жаңғыртылуда, цифрлық кеден шешімдері енгізілуде. Қазақстан өз көлік дәліздерін бизнестің қажеттіліктеріне барынша жылдам, технологиялық және ыңғайлы етуге ұмтылады», – деді ол.

Оның айтуынша, конференцияның негізгі тақырыптарының бірі Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастық болды. «Гонконг – Азияға бастайтын негізгі қақпа, ал біздің өңір – Еуропаға ашылған қақпа. Осы мүмкіндіктерді біріктіру арқылы біз Азия–Орталық Азия–Еуропа бағытында бірыңғай және үздіксіз көлік дәлізін құра аламыз. Бұл бүкіл Еуразия кеңістігінде экспортты, инвестицияларды және бизнес дамуын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады»,- деп қосты Әмірбекова.

Биылғы конференция «Жаңа сауда ландшафты: бірлескен өсу және өзара тиімді ынтымақтастық» тақырыбымен өтті. Қатысушылар жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясын, логистикадағы инновациялардың рөлін және халықаралық кооперацияның жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Іс-шараға DHL Express, GEODIS, HP, Procter & Gamble, Etihad Cargo, DP World Logistics және басқа да әлемдік компаниялардың өкілдері қатысты.

Конференцияда Қазақстан сондай-ақ цифрлық транзит бойынша жобаларын таныстырды. Олардың қатарында электрондық сертификаттар, e-кеден, жүктерді онлайн бақылау және жеңілдетілген транзиттік рәсімдер бар. Бұл шешімдер шекарадан өту уақытын қысқартып, маршруттардың болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ALMAC аясында қазақстандық делегация әлемнің жетекші логистикалық операторларымен келіссөздер жүргізіп, мультимодальды маршруттарды дамытуға арналған B2B-сессияға қатысты.

Конференцияның іскерлік бағдарламасы шеңберінде PTC Shanghai компаниясының қатысуымен B2B-стратегиялық сессия өтті.

Форумның көрме аймағында логистика, теңіз тасымалы, қойма автоматтандыруы, жүктерді интеллектуалды өңдеу жүйелері және авиациялық сервистер саласындағы шешімдерін ұсынған 90-нан астам халықаралық компания өз стендтерін көрсетті.

Келушілердің ерекше назарын ұлттық оператор Shyngar Trans Logistics Company стенді аударды. Ол Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін және елдің транзиттік әрі мультимодальды тасымалдардағы мүмкіндіктерін таныстырды.