Қазақстан Сауд Арабиясына экспортын кеңейтуде: азық-түліктен бастап жоғары технологияларға дейін - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Сауд Арабиясына экспортын кеңейтуде: азық-түліктен бастап жоғары технологияларға дейін

QazTrade және Сауд Арабиясының Сыртқы сауда жөніндегі бас басқармасы (GAFT) 2025 жылдың қараша айында қазақстандық өндірушілер мен KSA ритейлерлерінің тікелей кездесулерімен, аккредиттелген экспорттаушылардың қатысуымен және тікелей жүк әуе рейстерін талқылаумен бизнес-миссия өткізуді келісті.

Форум аясында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы Сауд Арабиясының Сыртқы сауда жөніндегі бас басқармасымен (GAFT) кездесу өткізді. Тараптар экспорттық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан өнімдерін Корольдік нарығына шығару тетіктерін бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін растады.

Қазақстандық технологиялар өнеркәсіптік AI-шешімдер сегментінде де таныстырылды. BESTVision Technologies компаниясы жасанды интеллект негізіндегі өндірістік қауіпсіздік платформасын ұсынды. Жүйе нақты уақытта еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын тіркеп, ЖҚҚ қолданылуын бақылайды, тәуекелдер туралы ескертеді және өндірістік процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Шешім энергетика, ГМК және мұнай-газ кәсіпорындарында қолданылып жүр және GCC нарықтарына, соның ішінде Сауд Арабиясына бейімделген.

«Біз үшін мұндай іс-шаралар өте пайдалы: олар нарықтарды, экспорт талаптарын және бизнес жүргізу шарттарын түсінуге мүмкіндік береді. Сауд Арабиясында біздің серіктестеріміз бар, ал осы кездесуде байланыстарды кеңейттік — бірқатар компания қазақстандық AI-шешімдерді қолдануға қызығушылық танытты», — деді BESTVision Technologies компаниясының негізін қалаушы Алексей Владимиров.

«Сауд Арабиясы Қазақстан өнімдерін ілгерілету үшін негізгі нарықтардың бірі болып табылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша біз 2025 жылдың қарашасында Эр-Риядта екінші сауда миссиясын өткізуге келістік. Оның бағдарламасында бал, ет және алма экспорттаушыларының қатысуы, Корольдіктің жетекші ритейлерлерімен тікелей B2B-кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ елдеріміз арасындағы тікелей жүк әуе рейстерін іске қосу мәселесін талқылау бар», — деп атап өтті QazTrade басқарушы директоры Айнұра Амирбекова.

Қазақстанмен ынтымақтастыққа мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібінің жетекші ойыншылары, соның ішінде әлемдік көшбасшы Saudi Aramco қызығушылық білдірді. Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушылар кабельдік жүйелердің қаптамалары сияқты технологиялық шешімдерді ұсынды, олар үлкен сұранысқа ие болды. Машина жасау саласынан да айтарлықтай қызығушылық байқалды.

Алдағы миссия QazTrade-тың қазақстандық тауарларды Таяу Шығыс нарығына ілгерілету жөніндегі жүйелі жұмысының қисынды жалғасы болмақ. Табиғи азық-түлік өнімдеріне және заманауи технологиялық шешімдерге сұраныс артып отырған жағдайда Сауд Арабиясы отандық компаниялар үшін басым экспорттық нарықтардың бірі болып саналады.

Осылайша, қараша айындағы Эр-Риядтағы бизнес-миссия Қазақстанның агроөнеркәсіптік өнімдерінің позициясын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар отандық компаниялардың Таяу Шығыс нарығына шығуының жаңа кезеңі болмақ — азық-түліктен жоғары технологиялық шешімдерге дейін.