Қазақстан Малайзиямен экспорттық және инвестициялық жобаларды кеңейтуде - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан Малайзиямен экспорттық және инвестициялық жобаларды кеңейтуде

Қазақстан алғаш рет Malaysia International Halal Showcase (MIHAS) халықаралық көрмесіне қатысуда, бұл әлемдегі халал өнімдері мен қызметтерін ілгерілетуге арналған ең ірі мамандандырылған алаң болып саналады. Көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильоны 20 отандық компанияның өнімдерін ұсына отырып, елдің халал секторындағы экспорттық әлеуетін көрсетеді.

MIHAS жыл сайын Куала-Лумпурде өткізіледі және бизнес байланыстар орнату, тәжірибе алмасу және халал өнімдерін халықаралық нарықтарға жылжыту үшін жаһандық алаң қызметін атқарады. Қазақстанның көрмеге қатысуы елдің халал өнімдерінің жаһандық экожүйесіне белсенді қосылуға және Оңтүстік-Шығыс Азиямен экономикалық байланыстарын нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.

Малайзияға сапардың бірінші күнінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев MIHAS-2025 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, экономикалық серіктестікті дамыту және негізгі секторлардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің Малайзияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Мохамад Сабумен екіжақты кездесуі өтті.

Тараптар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнімдерді жаңа нарықтарға жылжыту саласындағы өзара әрекеттестік перспективаларын талқылады. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстан тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін Малайзияға бәсекеге қабілетті бағамен экспорттауға дайын екендігі білдіріліп, JAKIM ұйымымен Қазақстанның халал стандарттарының мойындалғаны атап өтілді. Сондай-ақ санитарлық және ветеринарлық келісімдер, жаңа экспорт бағыттарын ашу және өнімді өңдеуге бірлескен инвестициялар мәселелері талқыланды.

Арнайы көңіл интеграцияланған логистикалық дәліздерді дамытуға аударылды, соның ішінде Транскаспий халықаралық транспорттық маршрутын пайдалану және екі ел арасында тікелей әуе қатынасын құру мүмкіндіктері қаралды. Малайзиялық тарап ауыл шаруашылығында инновациялар мен технологияларды бөлісуге, сондай-ақ академиялық және зерттеу бағдарламаларын дамытуға қызығушылық білдірді.

«Ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі жағдайында Қазақстан мен Малайзияның бірлескен күш-жігері екі ел үшін тұрақты даму мен тұрақтылық кепілі болады», – деп министрлер атап өтті.

Сол күні Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің Малайзия Ұлттық сауда және өнеркәсіп палатасының (NCCIM) басшылығымен, оның ішінде Президент Н. Гобалакришнанмен кездесуі өтті. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, соның ішінде сауда айналымын кеңейту, логистиканы дамыту, цифрландыру, жасыл энергетика, химиялық өнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі талқыланды. Арнайы көңіл халал өнімдерін ілгерілету перспективаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды құруға аударылды.

Қазақстан тарапынан Малайзияның Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығу үшін стратегиялық хаб ретіндегі рөлі атап өтілді, сондай-ақ малайзиялық компаниялардың Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі жобаларға қатысу мүмкіндіктері көрсетілді.

Тараптар Қазақстан-Малайзия бизнес кеңесінің жұмысын қайта бастауға және 2026 жылы Қазақстанда өтетін келесі отырысты дайындауға келісімге келді, онда жаңа бірлескен жобалар ұсынылады.

«Біз NCCIM Қазақстан мен Малайзия бизнес-құрылымдары арасындағы маңызды көпірге айналып, сауда мен инвестицияға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев.