Қазақстан мен ШҰАР ынтымақтастықтың Жол картасын әзірлейді - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Қазақстан мен ШҰАР ынтымақтастықтың Жол картасын әзірлейді

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Үрімші қаласында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шәкәриев пен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тұныяздың келіссөздері өтті. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту және өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды.

Шыңжаң Қазақстан-Қытай қарым-қатынасында ерекше орынға ие. Өңір бірден төрт облыспен шектесіп, іскерлік белсенділіктің негізгі орталықтарының біріне айналуда. Тек 2024 жылы Қазақстан мен ШҰАР арасындағы тауар айналымы 20,5%-ға өсіп, рекордтық $22 млрд-қа жетті. Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы сауда көлемі $43,8 млрд-ты құрады.

«Қытаймен серіктестігімізді біз әрқашан саясат ретінде ғана емес, сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас ретінде қабылдап келеміз. Қазақстан үшін Шыңжаң – ерекше өңір: біз көршіміз, ортақ ұзақ шекарамыз бар, адами байланыстарымыз мол. Сіздің басшылығыңызбен ШҰАР-дың экономикасы өсіп, жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқанын көріп отырмын. Бұл бізді алға ұмтылдырады. Өткен жылы ШҰАР-мен тауар айналымы $22 млрд-қа жетті – бұл тарихи көрсеткіш. Бірақ біз бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізе аламыз деп сенемін. Тек көлемді арттырып қана қоймай, сауданың ауқымын кеңейтіп, жаңа тауарлар мен жобаларды қосу қажет. Қазақстан бұған дайын және біз тауар айналымы тек сандарда ғана емес, шекараның екі жағындағы адамдарға да пайда әкелгенін қалаймыз», – деді Арман Шәкәриев.

Келіссөздердің басты нәтижесі Қазақстан мен ШҰАР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеу туралы уағдаластық болды. Құжат жеткізілімдерді әртараптандыруға, бейресурстық экспортты дамытуға және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Диалогтың жеке бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналды. 2024 жылы Қазақстан АӨК-нің Қытайға экспорты 10,5%-ға өсіп, $1,44 млрд-ты құрады. Министрдің айтуынша, экологиялық таза өнімге сұраныстың артуын ескере отырып, Қазақстан дәнді дақылдар, майлы дақылдар және қайта өңделген тауарларды жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты да талқылады. Бүгінде ШҰАР Қазақстанның облыстары мен қалаларымен бауырластық туралы келісімдердің саны бойынша бірінші орында тұр. Өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысын жандандыру және шекаралық өзара іс-қимылдың Достық диалогын өткізу тәжірибесін жалғастыру ұсынылды.

Кездесу соңында тараптар сауда және инвестициялар саласында серіктестікті кеңейтуге ортақ ниетін растады. Арман Шәкәриев қытайлық кәсіпкерлерді шикізатты қайта өңдеуге, мұнай химиясына және металлургияға белсенді инвестиция салуға шақырып, Қазақстан инвесторларға заманауи инфрақұрылымдық шешімдер мен салықтық преференциялар ұсына алатынын атап өтті.