Бейжіңде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Коммерция министрі Ван Вэньтаомен кездесті.
Келіссөздер достық және мазмұнды диалог рухында өтті және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталды. Министрлер мемлекет басшылары арасындағы ерекше қарым-қатынасқа негізделген жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің сенімі мен жеке байланыстары «мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестікті» нығайтудың локомотиві болып табылады және сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге жаңа серпін береді.
Ван Вэньтао сауданың серпінді өсуін атап өтті: 2024 жылы тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға жоғары. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көрсеткіш 21,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл деректер 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын екі еселеу жөніндегі міндеттің жүзеге асуы шынайы екенін дәлелдейді.
Арман Шаққалиев бұл мақсатқа жету үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Бірлескен іс-қимыл жоспары мен Шекара маңы саудасын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатқанын айтты. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға және екі ел экономикасының өзара байланысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Келіссөздердің жеке блогы Қазақстанның бейшикізаттық экспорты мен жоғары қосылған құны бар өнімдерді ілгерілетуге арналды. Арман Шаққалиев өңдеуді дамытып, қосылған құны жоғары өнімдер өндіріп, оларды Қытайға «инвестируй и продавай» қағидасы бойынша экспорттауға дайын екенін айтты.
Тараптар кедендік рәсімдерді цифрландыру, электрондық сауданы дамыту және ДСҰ аясындағы кедергілерді жою бойынша бірлескен жұмыс мәселелерін де талқылады. Қазақстан ҚХР-дың ірі онлайн-платформаларында ұлттық павильондарды кеңейту туралы ұсыныс жасады. Бұл РК Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде қол қойылған e-commerce саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның табысты іске асырылуының жалғасы болып табылады. Осы келісімнің арқасында ҚХР-мен электрондық сауда жаңа деңгейге көтеріліп, тараптардың өзара тиімді серіктестікті кеңейту ниеті бекітіліп, логистика, инвестициялар және e-commerce тәжірибесі саласында қолайлы жағдай жасалды.
Сонымен қатар, Қытай инвестицияларын Қазақстан экономикасының нақты секторына тарту мәселелері қаралды. Қазақстан Қытайға жеткізілетін қазақстандық тауарларға импорттық баждарды төмендету мәселесін қарастыруды ұсынды, сондай-ақ қытай капиталының қатысуымен шикізатты терең өңдеу жобаларын Қазақстан аумағында жүзеге асырудың мақсатқа сай екенін атап өтті.
Айрықша назар аймақтық ынтымақтастыққа аударылды, оны қытайлық тарап қолдады. 2024 жылдың басынан бері Қазақстан Нанкин, Чэнду, Үрімжі, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларында 6 сауда миссиясын өткізіп, Цзянсу, Сычуань, Хунань, Шаньдун, Шэньси және Гуандун провинцияларының бизнесі мен әкімшіліктерімен тығыз байланыс орнатты. ҚХР Коммерция министрі бұл тәсілді қолдап, болашақта да аймақтандыруды жалғастыруды ұсынды.
Қазақстан Республикасының Сауда министрі Арман Шаққалиев Қытайдың басқа да негізгі өңірлерінде Қазақстанның сауда өкілдіктері желісін кеңейту жоспарын жариялады. Күн тәртібінің маңызды бөлігі Шанхайдағы CIIE, Бейжіңдегі CIFTIS және Үрімжідегі «Қытай – Еуразия ЭКСПО» сияқты Қытайдың ең ірі көрмелеріне Қазақстанның қатысуы болды. Бұл көрмелер отандық өнімдерді ілгерілетуге және тікелей B2B байланыстар орнатуға бірегей мүмкіндік береді. Ван Вэньтао Қытай компанияларының Қазақстандағы сауда-инвестициялық іс-шараларға қатысуға қызығушылығын білдірді.
Бейжіңдегі кездесу Қазақстан-Қытай қатынастарын дамытудың маңызды кезеңіне айналып, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа басымдықтарын айқындады.




