Астанада QazTrade компаниясы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Қазақстан экспорттаушылары форумы өтті. Іс-шараға халықаралық ритейлерлер, ШОБ өкілдері мен салалық сарапшыларды қоса алғанда 200-ден астам қатысушы жиналды.
Форумның басты оқиғасы – QazTrade Alliance – Ұлттық экспорттаушылар альянсының іске қосылуы болды. QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров атап өтті:
«Біз жай ғана платформа емес – ұлттық экспорттаушылар альянсын іске қосып жатырмыз. Мұнда проблемалар айтылмайды, шешімдер жасалады. Әрбір қатысушы елдің экспорттық күн тәртібіне әсер ете алады. Альянс басында – халықаралық тәжірибесі мен бизнестің мүдделерін терең түсінетін Манасбаева Бақыт Парланқызы тұр. Оның басшылығымен QazTrade Alliance идеялар орталығына және келіссөздер алаңына айналады, мұнда экспорт бұйрықпен емес, бастамамен дамиды».
Форумның ерекшеліктерінің бірі – тікелей B2G-кездесулер форматы болды. Дәстүрлі дөңгелек үстелдерден айырмашылығы, кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен жеке кездесіп, өз сұрақтарына нақты шешім ала алды. Бұл форумға нақты практикалық мазмұн беріп, талқылаудан іске көшуді қамтамасыз етті.
Сондай-ақ форум аясында цифрландыру, логистика, сертификаттау және маркетинг бойынша сараптамалық сессиялар өтті. Қатысушылар LULU (БАӘ), Alibaba, TaoBao (Қытай) сынды шетелдік ритейлерлермен B2B-келіссөздер жүргізді.
Форумда Қазақстанның экспорттық саясатын стратегиялық қайта қарауға ерекше назар аударылды. Айтмұхаммед Алдажаров атап өтті:
«Экспорт нақты шетел нарығына бағытталған идеядан басталуы керек. Біз дотациялық үлгіден сату воронкасына өтудеміз, мұнда маркетингтен бастап сертификаттауға дейінгі әр кезең бизнес капитализациясына жұмыс істейді. Қызметтер экспортына ерекше назар аударамыз – құрылыс, медицина, білім беру, цифрлық шешімдер. Бұл бағытқа жеке қолдау пакеті ұсынылады: ілгерілету, жеке сүйемелдеу, тапсырыстарды іздеу, сертификаттау, стандарттар, маркетинг. Бұл – ЖІӨ мен жұмыспен қамтуға мультипликативтік әсері бар өсу нүктесі».
Форум аясында елдің экспорттық қызметінің макроэкономикалық қорытындылары да шығарылды. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов айтарлықтай ілгерілеуді атап өтті:
«2024 жылы Қазақстанның экспорты 80 млрд доллардан асты, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 29 млрд доллар, қызметтер – 11,8 млрд доллар. Бұл – жүйелі жұмыстың және кәсіпкерлердің еңбегінің нәтижесі. Негізгі драйвер – ШОБ. Өткен жылы 27 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Басты міндет – экспорт тұрақты жұмыс орындары, салықтар мен экономиканы жаңғыртуға әкелетін бәсекеге қабілетті орта құру».
Jiangsu Soho корпорациясының сегіз импорттаушы компаниясы Қазақстаннан шамамен 50 түрлі тауарды жеткізуге қызығушылық танытты. Олардың ішінде: бал (айына 20 мың тоннаға дейін), алкогольді ішімдіктер (5 000 бөтелкеге дейін), мал азықтық ұн (жылына 60 мың тонна), күнбағыс майы (жылына 40 мың тонна). Сондай-ақ, компаниялар металлургиялық өнімдерге де қызығушылық білдірді. Бұл – Цзянсу провинциясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы және металл өнімдеріне жоғары сұраныстың бар екенін көрсетеді.