Карачи форумында: Пәкістанмен алғашқы ірі мәміле 10 млн АҚШ долларына жасалды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Карачи форумында: Пәкістанмен алғашқы ірі мәміле 10 млн АҚШ долларына жасалды

Карачи қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Форум аясында Қазақстанның экспорттық әлеуеті таныстырылып, панельдік сессиялар мен 150-ден астам B2B-кездесулер өтті.

Карачи форумының қарқынын шынайы келісімдер мен ұзақмерзімді серіктестікке дайын кәсіпкерлердің қатысуы арттырды. Шара аясында бірқатар коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды, соның ішінде қазақстандық «Optima Development» компаниясы мен пәкістандық Friesland Campina Engro арасындағы 10 млн АҚШ долларына жасалған келісім бар.

Тараптар Қазақстанда зертханалық сынақтардан өткен табиғи кептірілген сүт майын жеткізуге уағдаласты. Бұл өнім сүт және кондитерлік өнімдер өндіретін тамақ өнеркәсібінде қолданылады.

«Бұл келісімді біз ауқымды әріптестіктің бастамасы ретінде қарастырамыз. Қазақстандық кәсіпкерлер Мемлекет басшысы айқындаған сыртқы экономикалық бағытты ұстана отырып, Пәкістанмен стратегиялық байланыстарды дамытып келеді. Алдағы жылдары екіжақты сауда көлемі арта түсетініне сенімдімін», — деп атап өтті «Optima Development» ЖШС бас директоры Жанат Басанов.

Сондай-ақ ол қазақстандық кәсіпкерлердің Президент белгілеген стратегиялық серіктестік бағытын нақты ұстанатынын және екі ел арасындағы тауар айналымының өсе түсетініне сенім білдірді.

Карачи форумы экономикалық байланыстарды нығайтуға, жаңа өткізу нарықтарын ашуға және қазақстандық өнімдерді шетелге ілгерілетуге бағытталған кезекті маңызды қадам болды.