Қазақстанның әлемдегі ең ірі халал индустрия көрмесіне қатысуы Malaysia International Halal Showcase (MIHAS-2025) отандық бизнес үшін нақты келісімдерге жол ашты. Малайзиялық дистрибьюторымен жылына 3 млн долларлық және Hadramawt Kitchen мейрамханалар желісімен жылына 1,5 млн долларлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілердің өнімдері Lucky Frozen және NSK Grocer ритейлерінде тестілеуге ұсынылды, бұл сауда желілеріне жеткізудің алғышарты болып табылады.
Көрменің басты іскерлік оқиғасы «Қазақстан–Малайзия» бизнес-форумы болды. Бір алаңда екі елдің министрлері, дипломаттары және ең ірі компания өкілдері кездесті. Нәтижесінде QazTrade пен MATRADE арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, ол қазақстандық өнімдерді Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Экспозицияның мәдени бөлігі де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан павильоны көрменің орталық нүктелерінің біріне айналды. Экспозиция символы ретінде «Алтын Орда» авторлық дизайн үйі жасаған заманауи этно-стильдегі қазақ киіз үйі қойылды. Myrza Brand бренді ұсынған шапандар көрменің сәнін келтірді. Меморандумға қол қою рәсімі барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шапандардың бірін MATRADE корпорациясының төрағасы Dato’ Sri Reezal Merican Naina Merican-ға сыйға тартты. Осылайша ұлттық колорит дипломатиялық достықтың символына айналды.
«Бүгінгі таңда Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Жылдың бірінші жартысында тауар айналымы шамамен 46%-ға өсіп, 98,9 млн долларға жетті, ал Қазақстаннан экспорт үш еседен артық өсіп, 2,8 млн долларды құрады. Бұл нәтижелер мен MIHAS-2025 көрмесіндегі келісімдер қазақстандық өнімге қызығушылықтың артқанын көрсетеді және ынтымақтастықты кеңейтуге барлық мүмкіндігіміз бар», – деп атап өтті ҚР СИМ жанындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.




