Экспортын ілгерілету жөніндегі қазақстандық оператор «QazTrade» «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум отандық дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен медициналық жабдықтарды сыртқы нарықтарға жылжытуға бағытталған, сондай-ақ ҚР-дің медициналық саланы дамыту жөніндегі стратегиялық бағдарламаларын іске асыруға бағдарланған.
Құжатқа «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Бас директоры Нұралы Бөкейханов пен «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ренат Есқалиев қол қойды. Ұлттық институттардың басшылары бірлескен ынтымақтастық саланың дамуын жеделдетіп, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына сенім білдірді.
Іс-шара барысында медициналық саланың отандық өндірушілеріне экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары таныстырылды.
Мәселен, 2021-2022 жылдар аралығында «QazTrade»-нің экспорттық акселерация, электрондық коммерция және тауарлар мен қызметтерді жеткізу мен ілгерілету шығындарының бір бөлігін өтеу жөніндегі бағдарламаларына медицина саласының 8 компаниясы қатысты. Осы кезеңде олардың келісімшарттарының жалпы сомасы 260 мың долларды құрады.
СК-Фармация өкілдері өз кезегінде бірыңғай дистрибуция жүйесі, фармацевтика өнеркәсібін дамыту және медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшу және жарақтандырудың бес жылдық бағдарламасы шеңберінде өндірісті оқшаулау туралы айтып берді.
Іс-шараға фармакологиялық компаниялардың 50 өкілі қатысты, олар толыққанды ақпарат пен сұрақтарға жауап алды. Өз кезегінде бизнес өкілдері QazTrade көрсететін мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға ниет білдірді.
Тараптар отандық брендтерді сыртқы нарықтарға жылжытуда және тығыз ынтымақтастық пен жедел өзара іс-қимыл арқылы фармацевтика секторын дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Экспортты жүзеге асыратын кәсіпорындардың табысы жергілікті сатумен шектелетін кәсіпорындармен салыстырғанда орта есеппен 5,4 есе жоғары. Бұл ретте, экспортты қолдау шараларының тиімділігі экспортты қаржылай емес қолдауға жұмсалған әрбір 1 доллар үшін экспорттық келісімшарттардың 70 долларын құрайды.
Анықтама:
«СК-Фармация» ЖШС – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының фармацевтика саласының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтика өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылған Бірыңғай дистрибьютор жүйесі.