Өзбекстан Қазақстаннан бидай мен мұнай алып, жеміс-жидегін сатады - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Өзбекстан Қазақстаннан бидай мен мұнай алып, жеміс-жидегін сатады

Пандемияға қарамастан, екі ел арасындағы сауда айналымы төмендемеген

Биыл коронавирустық пандемия салдарынан мемлекеттер шекарасын жауып, өзге елдермен сауда-саттық көлемін азайтқанымен, қазақ-өзбек қатынасында айтарлықтай өзгеріс болмады. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, қаңтар-қазан аралығында Қазақстанның Өзбекстанға шығарған экспорт көлемі $1,6 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда небәрі 0,2 пайыз төмендеген.

Біздің ел көрші мемлекетке негізінен бидай мен шикі мұнай экспорттайды. Сондай-ақ, автомобиль, металдан жасалған жартылай дайын өнімдер және ұн сатамыз.

Өзбекстан тарапынынан төмендегі тауарларға биыл сұраныс артқан:

  • бидай – 54,9%-ға немесе $165,4 млн-ға;
  • шикі мұнай – 72,2 млн-ға;
  • жеңіл автомобильдер – $63,4 млн-ға;
  • қоспа болаттан жасалған ыстықтай тапталған жазық илек – 47,8 %-ға немесе $18,7 млн-ға;
  • лигнит (қоңыр көмір) – $18,7 млн-ға өскен.

Ал Қазақстанның Өзбекстаннан тауар тасымалы (импорт) 2020 жылдың қаңтар-қазан айларында $637,8 млн-ды құрады. Біздің ел көрші мемлекеттен табиғи газ бен жеміс-жидек түрлері және жеңіл автокөліктерді молынан сатып алады екен.

Импорт көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңінен салыстырғанда, 42,2 %-ға ($1 103,9 млн.) азайған.

Көрші ел өндіретін тауарлардың басым бөлігінен бас тартқанымызға қарамастан, мына тауар түрлері бойынша сұраныс артқанын атап өту керек:

  • жеңіл автомобильдер – $73,8 млн-ға;
  • қауын, қарбыз және папайя – $11,7 млн-ға;
  • қызанақ – $9 млн-ға;
  • шыны ыдыс – $8,2 млн-ға;
  • спирт сатып алу $7,7 млн-ға артқан.

Пікір қалдыру