2022 жылғы 14 маусымда Женева қаласында (Швейцария) қазақстандық делегация Дүниежүзілік Сауда Ұйымы (ДСҰ) процесіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша Орталық Азия экономикаларына арналған БҰҰ арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдердің кездесуіне қатысты. Кездесуде СПЕКА елдерінің өкілдері ДСҰ-ға кіру тәжірибесімен бөлісіп, өзара көмек көрсету мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан басқа, СПЕКА-ның сауданы жеңілдету жөніндегі стратегиясын қолдану, өңірде тұрақты саудаға қол жеткізу жөніндегі күш-жігер, сондай-ақ СПЕКА өңірінде сауда және мультимодальдық көліктік деректер мен құжаттар алмасуды стандарттау және цифрландыру жөніндегі жаңа бастамалар талқыланды.
СПЕКА-ға қатысушы елдердің құрамына Ауғанстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді. Бұл бағдарлама 1998 жылы Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты күшейту және әлемдік экономикаға кірігу үшін құрылған болатын. БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясы және БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы СПЕКА қызметіне бірлесіп қолдау көрсетеді.
Қазақстан СПЕКА шеңберінде автожол желілерін кеңейту мен олардың сапасын арттыруды, темір жолдардың жетіспейтін буындарын салуды және порттарды дамытуды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған белсенді қызмет жүргізуде.
Кездесу барысында қазақстандық тарап «Ready4Trade – Central Asia» халықаралық сауда орталығымен бірлескен жоба шеңберінде трансшекаралық сауда рәсімдерінің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру бойынша тәжірибесімен бөлісті. Жобаның құрамдас бөліктерінің бірі Орталық Азия елдерінде сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша анықтамалық-ақпараттық ұлттық порталдар құру болып табылады. Мұндай порталдар формальдылықтарды оңайлату, үйлестіру, стандарттау және автоматтандыру үшін мүмкіндіктерді анықтауға, шекарадағы формальдылықтардың айқындылығы мен болжамдылығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның басқа елдермен сауда формальдылықтарына салыстырмалы талдау жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. 2022 жылғы 4 шілдеде Қазақстанда осындай порталды іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімді ратификациялау бойынша оң тәжірибесімен бөлісті. Кеден заңнамасындағы өзгерістердің нәтижесінде ұсынылатын құжаттардың саны қысқартылды, оларды ұсыну электрондық түрге ауыстырылды, электрондық декларациялау басым мәртебеге ие болды, уәкілетті экономикалық операторлар үшін оңайлатулар енгізілді, сондай-ақ транзит рәсімі кезінде тауарларға декларация бергенге дейін шығару мүмкіндігі енгізілді.