Ағымдағы жылдың 16-18 қарашасында Ташкент қаласында (Өзбекстан) БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы (БҰҰОАЭАБ) күндері шеңберінде Орталық Азиядағы Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттердің аймақтық кездесуі өтті.
Аймақтық кездесу – бұл Орталық Азиядағы сауданың барлық проблемалық мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы. Бұл кездесу «Орталық Азиядағы сауда рәсімдерін жеңілдету» GIZ жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қаралып отырған мәселелер шеңберіне сауда рәсімдерін жеңілдету саласындағы үрдістер, Орталық Азия аймақтарында сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі реформалар, ДСҰ-ның сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімін (СРЖК) жетілдіру және Орталық Азиядағы Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттердің болашақ аймақтық желісін жоспарлау кірді.
Іс-шараға ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы «QazTrade» АҚ өкілдері қатысты.
ҚР «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров пен ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің өкілі Жомарт Елеусізов ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімін іске асыру бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
ДСҰ-да алған міндеттемелер шеңберінде Қазақстан СРЖК-ін іске асыру бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізді. 2018 жылдан бастап Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі Ұлттық комитет жұмыс істейді, оған мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кірді. Ұлттық комитет шеңберінде консультациялар өткізіледі, қажетті ақпарат ұсынылады және СРЖК-ін тәжірибелік іске асыру жүзеге асырылады. СРЖК-де қарастырылған барлық шаралар Қазақстанда 2023 жылғы 22 ақпанға дейін іске асырылатын болады.