Астанада Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының алдағы бизнес-форумы аясында 2 мамырда екі елдің кәсіпкерлері арасында В2В кездесулері өтті. Іскерлік келіссөздерді QazTrade экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық емес шараларының операторы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен және Тәжікстанның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.
В2В кездесулерге ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салаларындағы 60 тәжік тауар өндірушісі, сондай-ақ банк секторы мен IT компаниялары қатысты. Қазақстан тарапынан экономиканың ұқсас салалары кәсіпорындарының өкілдері шақырылды. Кәсіпкерлер ұлттық компаниялардың, ірі сауда желілерінің басшыларымен және дистрибьюторлармен екіжақты келіссөздер жүргізді.
Кездесулер нәтижесінде Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтары арасында экспорттық келісімшарттар мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.