Экспортқа шығу жолы: QazTrade бизнес-ойынмен акселерацияны бастайды - "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ
Санкциялық шектеулер жағдайында бизнесті ақпараттандыру

Экспортқа шығу жолы: QazTrade бизнес-ойынмен акселерацияны бастайды

2025 жылғы 26 мамыр күні сағат 11:00-де Экспорттық акселерация бағдарламасының 2025 жылғы стратегиялық кіріспе сессиясы басталады.

Экспорттық акселерация — бұл шетел нарығына шығуға дайындық пен нақты қадамдарға бағытталған практикалық білім беру бағдарламасы.

QazTrade ұлттық экспортты ілгерілету операторы ретінде қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді: оқыту мен кеңес беруден бастап халықаралық көрмелерге қатысу мен шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізуге дейін.

2025 жылға арналған бағдарлама аясында QazTrade құралдары арқылы экспортқа шығуға көмектесетін 120 қазақстандық компанияның пулы құрылды. Құралдар қатарына оқу модульдері, маркетингтік қолдау, халықаралық алаңдарға шығу және шетелдік серіктестермен тікелей келіссөздер кіреді.

«Биыл ерекше назар интерактивті бөлікке — «Экспорттық дайындық шкаласы» атты фасилитациялық мини-ойынға аударылады. Бұл ойын арқылы компаниялар өз экспорттық мүмкіндігін жедел бағалап, неден бастау немесе қай бағытта күшейту қажет екенін түсіне алады», — деді QazTrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.

Сессия сұрақ-жауап блогымен және бағдарлама аясындағы негізгі күндер мен келесі қадамдар көрсетілген «жол картасын» таныстырумен аяқталады. QazTrade командасы кәсіпкерлерді белсенді қатысуға және акселерацияның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады. Бұл — тек кіріспе емес, жаңа буын қазақстандық экспорттаушылары үшін бастау нүктесі.