2022 жылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында сауда және интеграция министрлігі, QazTrade және халықаралық сауда орталығы (ХСО) сарапшыларының Маңғыстау облысының теңіз сауда порттары – Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау солтүстік теңіз терминалына бірлескен миссиясы өтті.
Теңіз көлігімен жеткізілімдерді ұлғайтуға және Каспий теңізіндегі порттардың әлеуетін кеңейтуге қызығушылықты арттырудың өзектілігін ескере отырып, теңіз порттарының импорттық және экспорттық операцияларының бизнес-процестерін кезең-кезеңімен құжаттау жұмысы басталды. Осы мақсаттар үшін іссапар барысында теңіз көлігімен келетін немесе кететін тауарлардың шекарадан өтуінің нақты процесін көрсететін егжей-тегжейлі қадамдар зерттеліп құжатталды.
QazTrade Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуы бойынша: «Жақында осындай миссия Қазақстан-Қырғызстан шекарасы шегіндегі өткізу пункттерінде де ұйымдастырылған болатын. Сапар барысында қазіргі уақытта әзірленіп жатқан сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық порталға енгізілетін экспорт пен импорттың сауда рәсімдері жөніндегі ақпаратты өткізу пункттеріндегі нақты жағдаймен салыстыру жүзеге асырылуда. Сапар қорытындысы бойынша осы рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ қазіргі уақытта тиісті уәкілетті органдармен талқыланатын кейбір құжаттарды қысқарту бойынша ұсынымдар ұсынылады».
Іссапар шеңберінде Маңғыстау облысының экспорттаушылары, жергілікті атқарушы орган және теңіз порттары әкімшілігінің өкілдеріне арнап «Ready4Trade Central Asia» жобасы шеңберінде сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Ұлттық сауда порталын әзірлеу бойынша таныстыру семинары ұйымдастырылды. Осы порталда автокөлік/теміржол/әуе/теңіз көлігімен, сондай-ақ мультимодальдық тасымалдау тәсілімен өнімнің импорты/экспорты мен транзитінің сауда рәсімдері туралы ақпарат көрсетілетін болады.
Ready4rade Орталық Азия Орталық Азияның бес елінде өңірішілік және халықаралық сауданы дамытуды қолдауға бағытталған. Ready4Trade жобасын Еуропалық Одақ қаржыландырады және халықаралық сауда орталығы іске асырады. Бұл жобаның Қазақстандағы институционалдық серіктесі-Gaztrade.
Қосымша ақпарат алу үшін сайтқа өтіңіз: intracen.org/Ready4Trade