24 тамыз күні 2020 жылға арналған «Экспорттық акселератор» бағдарламасына қатысушы қазақстандық компаниялардың іріктеу қорытындылары шығарылды.
Бағдарламаға қатысуға 97 компания өтінім берді (олардың 74-і экспорттық тәжірибесі бар кәсіпорындар). Халықаралық сарапшылардың бағалауы нәтижесі бойынша бағдарламаның келесі кезеңдеріне қатысуға 35 компания іріктелді.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экспорттық акселерация бағдарламасының алғашқы оқыту вебинарының кіріспе сөзінде – «Аталған компаниялардың арасында экспорт саласына жаңадан келгендер де бар (2 компания өз өнімдерін бұрын шетелге сатпаған), сондай-ақ бұрын бір реттік (санаулы) жеткізуді жүзеге асырған компаниялар да бар. Олардың мақсаты – шетелдік нарықтарда ұзақ мерзімге орналасу», – деп хабарлады.
Биылғы жылы акселерация бағдарламасының аясында қытайлық сатып алушылармен экспорттық келісімшарттар жасау үшін басты назарды тамақ өнеркәсібіне аудару туралы шешім қабылданды.
«Қытай сияқты ірі нарықты игеру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі», – деп түсіндірді министр. Оның пайымдауынша, «Қытай нарығының ауқымына қарамастан, оған қол жетімділік деңгейі шектеулі. Бұған себеп – экспорттық процедураның ұзақтығы (шамамен 90 күн) және нарықтың ерекшелігі. Шығарылған өнім қандай керемет және пайдалы болса да, тиісті жарнамасыз және орамасыз, өкінішке орай, оны сату қиынға туады. Акселератордың міндеті – кәсіпорындарды бастапқы кезеңдерден бастап өз өндірісін сыртқы нарықтарға бағыттауға үйрету. Мысалы, егер сіз Қытайға экспорттауға ниеттенсеңіз, алдымен Қытай техникалық регламенттерінің барлық талаптары мен маркетингтік ерекшеліктеріне сәйкес келетін өнімді өндіруіңіз керек. Аталған және басқа да мәселелерді біз бағадарламаны жүзеге асыру аясында қарастыратын боламыз».
«Біздің өнімдер жоғары сапалы болғандықтан сұранысқа ие, дегенмен бірқатар себептерге байланысты біздің тауарлар Қытай дүкендерінің сөрелерінде жеткілікті түрде ұсынылмаған. Акселератордың міндеті – отандық өнімдеріміздің Қытай нарығында ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету», – деді «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Абенов.
Бағдарламаның екінші кезеңі шеңберінде (қыркүйек-қараша) QazTradе сарапшылары Pricewaterhouse Coopers компаниясының халықаралық сарапшыларымен бірлесіп әрбір қатысушы үшін егжей-тегжейлі профиль жасайды. Онда экспорттаушы компанияның күшті және әлсіз жақтарына талдау жүргізіледі, әлеует деңгейі (экспорттық нарық үшін бәсекелестік ерекшеліктері, өнім сипаттамасы, Қытайға экспорттың дайындық дәрежесі және т.б.) айқындалады. Сондай-ақ қатысушы компанияның профилі шет ел нарығында қазақстандық өнім үшін техникалық регламент талаптары сияқты ақпаратты да қамтитын болады. Мақсатты нарыққа шығудың одан әрі қадамдары бойынша ұсыныстар да қатысушы компаниялардың профилінде көрсетілетін болады.
Бағдарламаның соңғы кезеңдерінің бірі – іріктелген 35 компанияның Шанхайдағы 3-ші Дүниежүзілік CIIE-2020 импорттық көрмесіне қатысуы. Көрме соңғы жылдары кәсіпорындар арасында мәмілелер жасаудың негізгі әлемдік алаңына айналды.
«QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Абенов айтып өткендей, бағдарламаға қатысуға өтінім берген, бірақ іріктеуден өте алмаған компаниялар келесі жылдары бағдарламаға қатысушылардың резервін толықтырады. Абеновтың айтуынша, бірде-бір кәсіпорын көмексіз қалмайды – ағымдағы жұмыс шеңберінде барлық компаниялармен олардың экспорттық мүмкіндіктерін бағалау және олардың өнімдерін шетелдік нарықтарға жеткізуге арналған келісімшарттарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.